Көкшетау қаласында көпбалалы, толық емес, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен жетімдерге 70 пәтердің кілті тапсырылды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Сарыарқа» шағын ауданында өткен шараға Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, тұрғындарға жаңа пәтер кілтін тапсырды. Аталған түрғын үй мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып отыр. Көпқабатты жаңа тұрғын үйден баспаналы болып отырғандар арасында көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, жетімдер бар.
«Өңірде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасы Ақмола облысында ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мұның бәрі тұрғындардың мүддесі үшін. Өткен жылы бұл бағытта қыруар шаруа атқарылды. Биыл да сол көрсеткіштерге қол жеткізетін боламыз. Бүгін міне, алғашқы 70 пәтердің кілтін тапсырып отырмыз», - деді Ермек Маржықпаев жаңа пәтер иелерін құттықтау сөзінде.
Пәтер алып қуанышқа келгендердің бірі, «Алтын алқа» иегері, 10 бала тәрбиелеп өсірген Светлана Сәдуақасова ҚазАқпарат тілшісіне өзіңнің қуанышымен бөлісті.
«Пәтер кезегінде тұрғаныма биыл 14 жыл болады. 10 бала тәрбиелеп өсірдім. Осыған дейін пәтер жалдап тұрдым. Әрине, қиындықтар болды. Ақшасын төлесеңде біреудің қас-қабағына қарап жүру оңай емес. Пәтер жалдап жүрген кез бен қазіргі жағдайымды салыстыруға болмайды. Қуанышымда шек жоқ. Ана ретінде барша қазақтандықтарға баспана бақытын тілеймін»,- деді Батыр ана Светлана Сәдуақасова. Сонымен қатар, баспаналы болғандардың арасында балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. «Мен балалар үйінен 2010 жылы шықтым. Содан бері пәтер кезегінде тұрмын. Қазір өз отбасым бар, екі баланың әкесімін. Өзімді бақытты сезінемін. Бірақ бүгінге дейін өз үйім болған жоқ. Бүгін маған екі бөлмелі пәтер берді. Осындай игі істерге қол ұшын созып отырған азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін»,- деді жаңа пәтер иесі Роман Чеп.
Айта кетейік, бүгінгі күні Көкшетау қаласында 2 мыңнан астам көп балалы отбасы болса, оның 400 жуығы пәтер кезегінде тұр. Соныдқтан, биылғы жылы барлығы 470 пәтер кілтін тапсыру жоспарланған. Оның біразы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы шешімін таппақшы.
Пікір қалдыру