Мемлекет басшысы президент болып сайлануымен және Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтағаны үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасына ризашылық білдірді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
– Менің атыма жолдаған жүрекжарды құттықтау хатыңызды алдым. Сайлау қорытындысын Қазақстан халқының маған артқан зор сенімі және Тұңғыш Президентіміз, Сіздің досыңыз Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарын қолдауы ретінде қабылдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынастардың сыртқы саясатымыздағы басты басымдықтардың бірі екенін айтты.
– Бұл ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты бар. Кең ауқымды Еуразия құрлығындағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді "Бір белдеу – бір жол" екінші халықаралық ынтымақтастық форумының табысты өтуімен және ҚХР-дің алдағы 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.
ҚХР Төрағасы Мемлекет басшысын президент сайлауындағы жеңісімен тағы да құттықтап, биыл Қытайға ресми сапармен келуге шақырды.
– Біз Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, цифрландыру, ІТ-индустрия және "жасыл" технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үміттенеміз. Сондай-ақ, «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы мен Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын ұштастыру арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңірек пайдалануға мүдделіміз, – деді ҚХР Төрағасы.
Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы, соның ішінде жастардың тағылымдама алмасуларын кеңейту және бірлескен іс-шаралар өткізу жөніндегі екі елдің ықпалдастығын талқылады.
Пікір қалдыру