Бүгінгі Арыстағы жарылысқа байланысты Өмірзақ Шүкеев шұғыл түрде брифинг өткізді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Сөз басында Өмірзақ Шүкеев Арыс қаласында жарылыс болғанын, жарылыстың себебі оқ-дәрі сақталған қоймадағы өрт екенін айтты.
"Бүгін Арыс қаласында төтенше жағдай орын алды. Біз 9:20-да төтенше жағдай туралы ақпаратты естіп, Қорғаныс министрлігімен бірге қажетті шараларды жасап жатырмыз. Ең бірінші қала тұрғындарын эвакуациялау керек болды. Қазіргі таңда қаладағы тұрғындардың барлығы дерлік қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар қалада қалып қойған тұрғындарды іздестіріп, қауіпсіз жерге көшіретін боламыз. Ал әзірге өрт толықтау ауыздықталған жоқ ", - деп мәлімдеме жасады Өмірзақ Шүкеев.
Айта кетсек, Өмірзақ Шүкеевтің күндізгі мәлімдемесі де орыс тілінде болған еді. Оған аса мән бермедік. Себебі көбімізді Арыстағы ағайынның жағдайы алаңдатты. Кешке дейін алаңдаумен болған халық ресми мәлімдемені күтті. Кейіннен Түркістан облысының әкімі мен Қорғаныс министрінің қатысуымен брифинг өтетінін белгілі болды. Түркістан облысының әкімі сөз басын қазақ тілінде бастап, кейін орыс тілінде жалғастырды. Қорғаныс министрі де қазақ тілінде 2-3 сөйлем айтудан әрі аса алмады. Арыста болған апат туралы брифингтің жартысынан көбі орыс тілінде өтті.
Баласын құшақтап қайда қашарын білмей жүргендердің барлығы дерлік қазақ екенін әлеуметтік желіде таралған видеолардан-ақ аңғаруға болады. Соңғы жылғы ресми деректерге сүйенсек, Арыс қаласының халқының саны 74 мыңнан асады. Бүгінгі жарылыстан зардап шеккендер де, әр өңірде арыстықтардың тілеуін тілеп, амандығын Құдайдан сұрап отырғандар да — қазақтар. Бұған ешкім дау айта алмас. Ал Шүкеев пен Ермекбаев орыстанған жерде емес, қазақы қаймағы бұзылмаған аймақта болғанын ұмытқан секілді. Брифингті де, күндізгі мәлімдемесін де қазақ тілінде жасаса болмас па еді?! Әлде Шүкеев өзі басқаратын облыстың 70 пайыздан астамын қазақтар құрайтынынан хабарсыз ба? Жалпы Шүкеев қай елдің әкімі, Ермекбаев ше?!
Пікір қалдыру