Криминал жанры қазақ сахнасына шығады

/uploads/thumbnail/20170708181741728_small.jpg

Жуырда М.Әуезов атындағы драма театры осы маусымдағы алтыншы жаңа спектакльдің тұсауын кеспек. Театр тарихында сирек қойылған қылмыстық драма жанры қайта жанданып, Игорь Вовнянконың «Қаза мен жаза» спектаклі көрермен назарына ұсынылады. Премьераның қызу дайындығы кезінде қоюшы-режиссер, КСРО халық артисі, аңызға айналған актер Асанәлі Әшімов пен режиссер Сырым Асқаров, сондай-ақ, бірқатар актрисаларды сөзге тартқан болатынбыз. Естеріңізге сала кетейік, «Қаза мен жаза» драмасының премьерасы 27 маусым күні М.Әуезов сахнасында өтеді.

Асанәлі Әшімов, КСРО халық артисі, спектакльдің қоюшы-режиссері:

-Игорь Александрович Вовнянконың пьесасы осыдан он жыл бұрын жазылған. Көркемдік кеңес мұндай тақырыпты бізге қажет деп тауып, маған тапсырған болатын. Дәл қазір әртістермен жұмыс істеп жатырмыз. Аталған жұмыс маған да, актерлерге де оңайға соғып жатқан жоқ. Өйткені, криминал жанрында бізде спектакльдер өте сирек қойылған. Енді-енді ізіне түсіп, жастардың ойыны жақсарып келеді. Біздің көрермендеріміз салт-дәстүрді насихаттайтын, тарихи және ән-биі көп қойылымдарға үйреніп кеткен. Бірақ, бұл қойылымды да қабылдап қалар деген сенім бар. Себебі, «Қаза мен жазаның» оқиғалары – әлем халқына етене таныс жалпыхалықтық дүние.

Сырым Асқаров, режиссер:

-Бұл спектакль М.Әуезов драма театрындағы «Бейбарыс сұлтанның» ағылшынша нұсқасынан кейінгі екінші жұмысым. Оған дейін облыстық театрларда он шақты қойылымды сахналадым. Биылғы маусымның спектакльдеріне қарасаңыз, барлығы тарихи қойылымдар. Ал, «Қаза мен жаза» - бүгінгі қоғамның келеңсіз тұстарын көз алдыңызға әкелетін заманауи драма. Асанәлі аға екеуміз дайындық жұмыстарын төрт-бес ай бұрын бастап кеттік. Өзектілігі сол, бүгінгі сот билігінің жағдайы, әділетсіздік кеңінен көрініс тапқан криминалдық драма жақын күндері жарыққа шықпақ. Қазір соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатқан жайымыз бар. Көрерменнің көңілінен шығуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, бір қыздың басындағы тағдыр залдағы көрерменнің көз алдында өтіп жатыр, әлі де өтуі мүмкін. Қысқаша айтқанда, И.Вовнянконың еңбегі – көрерменнің өздері туралы спектакль.

Шынар Жанысбекова, актриса:  

-Маған берілген рөл Шәпиға бейнесі жағымсыз кейіпкер дегенмен оны ақтаудың да жолын тауып көрдім. Себебі, жаман адамның өзінің бір жақсы тұсы болатыны анық. Ол да ана, баласы үшін сондай үлкен өтірікке барып, жас қыздың тағдырына балта шабады. Баласын құтқару мақсатымен ғана Әселге жала жауып, жанұясының берекесін сақтамақ болады. Кейіпкердің сипатына келсем, автор оны өте жеккөрінішті әйел етіп көрсеткен. Біз оны «жұмсартуға» тырыстық. Сондай-ақ, ерекше бейне деп те айта алмаймын. Көрермен оның алғашқы сөзінен-ақ жағымсыз кейіпкер екенін байқай алады. Ал, спектакль таң қалдырарлық деп ойламаймын. Өйткені, драмадағы оқиғалар көрерменге таңсық емес. Әлемде, қоғамда күн сайын орын алып жатыр деуге болады. Тек көрермен ой түйіп қайтуы керек. Шәпиғаның түбіне жеткен «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын...» деген аталы сөз екенін білсе деймін. Спектакльдегі Шәпиға рөлі арқылы көпшілік бар жағдайды жасап алған, бірақ не ұлдың, не қыздың тәрбиесіне көңіл бөлмейтін әйелдың қоғамға қауіп әкелетінін сөзсіз ұғынады деген сенімдемін.

Ажарлым Бақытжанова, актриса:

-Маған ұсынылған рөл – ауылдан келген Әсел деген қыз. Әкесіз өскен, анасы науқас Әселді бір үлкен кісі қалаға жұмысқа шақырады. Сөйтіп, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп үйренген отбасының үйінде қызметші болып жұмыс істейді. Сол үйде жүріп спектакльдің негізгі оқиғасы кісі өліміне кінәлі деп табылады. Осы тұста бай мен кедейдің қоғамдағы орны айқындала бастайды. Яғни, ақша мен таныс кімде болса заң соның ығына жығылатынына Әселдің көзі жетеді. Тергеуден шаршаған оның үміті үзіліп, жазықсыз болса да «кінәлімін» деп сөйлейтін жері бар. Бірақ та, ақырында әділеттің ақ туы желбіреп, қылмыскер табылады. Спектакль барысында Әртістің «Шортандар – еркіндікте, шабақтар – қамауда» деген бір сөзі бар. Осы бір ауыз сөз криминалдық драманың мазмұнын ашып тұрған сияқты.

Меруерт Омарбекова, актриса:

-Шәпиға Рүстемқызы – маған берілген рөл екен. Өзіме ұнайды. Кейіпкерге келсем, не ішем, не кием демейтін, сондай бай да ысырапшыл әйел. Бірақ та, құлқынның құлы болған әйел ақырында жазасын алады. Сабасына кім түсіреді, қалай күнәсінің жазасын тартады оны құпия қалдыра тұрайын. Драма мазмұнының ашылуына Шәпиға бейнесі де септігін тигізген. Яғни, қарапайым түрде айтқанда, жақсылық жасаған жақсылыққа кенеледі, жамандық жасағанның алдына жамандық айналып келеді. Спектакльдің жалпы сипаты туралы өз ойым осындай. Ал, Асанәлі ағамыздың режиссерлігімен екінші қойылымға қатысып отырмын. Алғаш рет Н.Хикметтің «Фархад пен Шырынында» басты рөл Мехменебануды ойнадым. Ол спектакльді Асанағамыз бір жылдан аса  уақыт дайындады. Ағамызбен жұмыс істеудің өзі өте керемет. Айтқандарын үстірт тыңдамай, сабырлылықпен тыңдап, тапсырмасына байыптылықпен қарау қажет. Әсіресе, ескертулерінің астарында не жатыр соны ұғынуға тырысамыз. Басты талаптарының бірі – спектакльде айтылатын сөздердің біреуі де және бір әрпі де түсіп қалмауы тиіс. Сондықтан, Асанәлі ағамыз сөздің көрерменге дұрыс жетуін баса қадағалайтын бірден-бір режиссер.

Айта кетейік, Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры  27-маусымда Асанәлі Әшімов режисурасымен сахналанған И.Вовнянконың «Қаза мен жаза» криминалдық драмасының премерасын назарларыңызға ұсына отырып театрдың биылғы 89-маусымын қорытындылайды. Сондықтан биылғы маусымның қойылымына барып ұол соғуды ұмытып кетпеңіз.

Қатысты Мақалалар