Алакөлге демалуға барған ағайында енді «Үржар ханшайымы» мен «Алтын адам» қарсы алатын болады. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы, Қабанбай ауылында ашылған музей осыған мүмкіндік беріп отыр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Еске сала кетейік, Алакөл тарихындағы алғашқы музей облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған-ды. Ондағы негізгі мақсат – шипалы көлге демалуға келген туристерге еліміздің, оның ішінде Шығыс Қазақстанның тарихи және мәдени ерекшеліктерімен кеңінен таныстыру. Сонымен қатар музейдегі жәдігерлер арқылы туған өлкенің жауһарларын насихаттап, бағасын арттыру, өскелең ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру.
Жаңадан ашылған музейде барлығы жеті зал жұмыс істейді. Атап өтсек, «Үржар ханшайымы», «Археология» және «Шығыс Қазақстанның киелі жерлері», «Тәуелсіздік», «Этнография», «Көшпенділер мәдениеті» мен «Палентология және табиғат» атты залдар бар. Бұл залдардың бәрі де тақырыпқа сай жәдігерлермен жабдықталған. Сенсорлы киоск, QR-код секілді жаңа технологияның кереметтері де кәдеге жаратылған. Жалпы музейде тас дәуірінен тартып қазіргі заманға дейінгі кезеңнен сыр шертетін жәдігерлерді кездестіруге болады.
Пікір қалдыру