Медициналық сақтандыру: 2020 жылы қандай өзгеріс күтіп тұр?

/image/2019/07/09/crop-347_32_593x791_og_og_1509383618238292542.jpg

Сонымен, қарапайым тұрғындар қалай дәрігерге қаралады? Қандай медициналық қызметтер тегін болады? Медициналық сақтандыру елімізге қандай өзгеріс әкеледі? Осы сұрақтар төңірегінде «Әлеуметтік Медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалы директоры Бақыт Исмаханбетовпен сұхбат құрдық.

-  Бақыт Торғайбайұлы, алғашқы сұрағымызды әріден бастасақ... «Сақтандырылғандар» статусына кімдер кіреді?

-  2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесін енгізу кезінде әлеуметтік тұрғыдан осал халықтың 15 санаты заңмен анықталған. Бұл адамдар (олардың саны шамамен 10,9 млн адам) мемлекет тарапынан сақтандырылады. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша,  дербес төлеушілердің саны шамамен 1 млн адамды құрап отыр. 1 млн адамның ішінде 770 мың адам – ресми жұмысқа тіркелмей, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (тамада, фотограф, жеке репетитор, жеке бала күтуші, т.б.) 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға салық төлеу режимінің жаңа түрі – Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. БЖТ ай сайынғы төлем көлемі қала тұрғындары үшін – 2 525 тенге, ауыл тұрғындары үшін – 1 263 теңге. Бірыңғай жиынтық төлемнің 40%-ы медициналық сақтандыру қорына аударылады. 6 млннан астам қазақстандықтар – ай сайын жарна аударып сақтандырылған азаматтар, олар жұмыс берушілер мен жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер т.б.  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен халықтың 94,5 пайызын қамту жоспарлануда» деді. Яғни, келесі жылы елімізде 94,5 пайыз сақтандырылған азаматтар болады деуге негіз бар. 

- Күні кеше Қазақстан Үкіметі 2020 жылдан бастап көрсетілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енетін қызметтер тізімін бекітті.  Сонымен, медицина саласында қандай өзгерістер орын алады? Сақтандыру жүйесі елімізге не береді?

- Әңгімемізді басынан бастайық. Елімізде қазір кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде  (ТМККК) тұрғындар тегін ем-қызмет түрлерін алып отыр. Ал осы тізімде жоқ қызметтерге науқас өзге де медициналық қызметтерді егер әлеуметтік осал топқа жатпаса, өз қалтасынан төлейді.  Ал келесі жылы ТМККК пакетінен бөлек, сіз айтқан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті қатар енеді де,  тұрғындардың қалтасынан шығатын қаржы үнемделетін болады.  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар? Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 процентін өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы міне, осында.

- Сонымен, сақтандырылған азаматтар қай қызмет түрлерін тегін алады?

- МӘМС пакеті: консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ. Сондай-ақ, бағасы қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кереді. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді.

- Халық арасында сақтандырылмаған азаматтар барлық қызмет түрлерінен қалыс қалып қояды деген қорқыныш та жоқ емес...

- Бұл қате түсінік. Еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын ТМККК  пакеті осы жылғыдай жалғасын таба береді.  Яғни кез келген азамат,  мейлі ол сақтандырылған болсын, сақтандырылмаған болсын, жедел-жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек  түрлерін ала алады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді.

- Демек, келесі жылдан бастап медицинада 2 пакет қатар жүреді. Барлық тұрғындар үшін – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, сақтандырылған азаматтар үшін – әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл пакеттегі тізімдер қалай жасақталды?

-  Пакеттердің жаңа үлгісін дайындау барысында министрлік бір жарым жыл бойы медицина саласы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеді. Қызметтерді сатып алу, ақы төлеу, мониторинг процесін жүзеге асыру тетіктері бәрі-бәрі жан-жақты талқылана отырып тізімдер бекітілді.   Жаңа пакеттер биыл күзде еліміздегі аймақтардың бірінде тәжірибе ретінде іске қосылады.  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бұл жүйенің «осал тұстарын» тауып, проблемаларды 2020 жылға дейін, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізгенге дейін шешуге мүмкіндік береді.

- Келер жылы жаңа реформа енеді. Бұл реформаны жүзеге асыру үшін қосымша қаржы көзі қайдан келеді?

- Орынды сұрақ. Әлеуметтік Медициналық сақтандыру қоры (ары қарай – Қор) 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржы операторы саналады. ТМККК шеңберінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтер бюджет қаржысы есебінен, МӘМС пакетіне енетін қызметтер – Қордың активтері есебінен сатып алынады.  Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына Қазақстан бойынша 176,7 млрд теңге көлемінде жарна аударылды. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. 

- Маңғыстаудан Қорға қанша жарна аударылған? Өлке тұрғындарының  медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға белсенділігі қандай?

- Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 мамырына дейінгі аралықта Маңғыстау облысынан  жинақталған жарнаның жалпы сомасы – 9,014 млрд  теңге. Биылғы жылдың  мамыр айында Маңғыстаудан 459 млн теңге жарна түскен.    Аймақтық тұрғыдан алғанда, Маңғыстау жарна төлеуден республика бойынша 7-орында тұр.

- Қазіргі таңда Маңғыстауда қай мекемелер тегін медициналық қызмет көрсетіп отыр?

- Маңғыстауда тұрғындарға ТМККК шеңберінде 51 медициналық ұйым қызмет көрсетіп отыр. Қордың жергілікті филиалымен биыл 25 жеке клиника, 26 мемлекеттік емхана келісім шарт орнатты.  Филиал облыстың медицина ұйымдарына халыққа көрсетілген қызмет үшін бес айдың қорытындысы бойынша 12,7 млрд шамасында теңге төлеген. Бұл бір жылға бөлінетін қаржының 49 пайызы.

-  Сұхбатыңызға рахмет!

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар