Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы тапсырмасы бойынша әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспары қаралды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласын дамытудың Кешенді жоспарының негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов баяндады. Кешенді жоспарда 10 бағыт бойынша 89 іс-шараны іске асыру қарастырылған.
"Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестікке барынша назар аударылды. Мәселен, егер Жоспарды іске асыру үшін 1 284 млрд теңге қажет болса, оның 836 млрд теңгесі жеке инвестициялар есебінен іске асырылады, 68,1 млрд теңгесін мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асыру көзделген", - деді Шымкент қаласының әкімі.
Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспары қалаға жаңа даму серпінін беруге бағытталады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Жоспарды жүзеге асыру келесі көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді:
орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуі 93%-дан 98%-ға дейін өседі;
табиғи газбен қамтылуы 92%-дан 98%-ға дейін өседі;
қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 59,4%-ға дейін ұлғаяды.
Қызмет көрсету, өнеркәсіп, құрылыс және сауда секторларының үлесін арттыру күтіледі.
Бұл көлемді қамтамасыз ету үшін инвстициялар деңгейі 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖӨӨ 30%-на дейін немесе жылына 10 трлн теңгеге дейін жеткізіледі. Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,8 есе көп.
"Шымкенттің экономикалық әлеуеті зор. Инфрақұрылымға, энергетикаға, туризмге және қызмет көрсету секторына біршама инвестиция салынады. Мұның бәрі жылына 5,5%-ға өңірлік экономиканың нақты өсімін қамтамасыз етеді. Бұл республикалық мәнінен жоғары (4,2%). Экономикалық белсенділік тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді", - деп түйіндеді Дәленов.
Пікір қалдыру