Қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына кедергі болып келген Үкіметтің №111 Қаулысындағы аты шулы ЕКІ АНЫҚТАМАҒА, оның ішінде «Соттылығ» жөніндегі құжатқа байланысы «ДАТ» газеті арқылы ҰҚК-нің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың атына ашық хат жазған болатынбыз. Ашық хат жазуға ЕКІ АНЫҚТАМАны Мәжілісте жұмыс тобы талқылап жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасынан алып тастауға ҰҚК-нің де қатысы бар деген әлдекімдердің сөзі себеп болған еді.
Олай емес екен. Міне, жақында сол хатымызға ҰҚК-нен жауап келді.
Хатта біз тарапынан қойылған ұсынысты қарағанын айта келіп, «Өз тарапыңыздан көтеріліп отырған сұрақтарды қарастыру Ұлттық Қауіпсіздік Көмитетінің құзырына жатпайды» депті Департамет өкілі А.Қайыров. Сонымен бірге, «Қазақстанда көші-қон саласында мемлекеттік саяатты қалыптастыру Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген (2014ж.24.09 №1011 ҚР Үкімет қаулысы). Осыған орай, өз ұсыныстарыңыз бойынша толық түсінік алу үшін жоғарыда көрсетілген құзырлы мемлекеттік органға жүгіну керектігін ескертеміз» делініпті жауап хатта.
Осы аралықта «Соттылыққа» қатысты мәселенің Мәжілістегі жұмыс тобының сегізінші отырысында ОҢ шешілгенін «Қамшы.кз» сайыты арқылы айтқамыз. Егер, осы жаңа Заң жобасы осы мақұлданған толықтырулар мен өзгерістер бойынша алдағы күндерде Сенаттың мақұлдауынан аман өтіп, Елбасының қолы қойылса, қандастарымыздан «Соттылығы» жайлы анықтама да талап етілмейді.
Сөз соңында хатымды қадағалап, түсінік жасап, жауап берген ҰҚК-не шын жүректен алғыс айтамын. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау Заң жобасы жөніндегі тапсырмасының қалтқысыз орындалатынына, Қазақ көшінің жолы ашылатынына сенемін!
Құрметпен,
Ауыт Мұқибек
23.06.2015
Астана