Алматы қаласы Матросов көшесінде орналасқан жеке сектордағы үйлердің бірінен өрт шықты деп хабарлайлы «Қамшы» порталы ІІБ баспасөз қызметіне сілтемей жасай отырып.
Өртті бірінші болып аталмыш ауданда кезекшілікте жүрген әкімшілік полиция басқармасының мамандандырылған батальонының экипаждары байқаған. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер, әуелі өртеніп жатқан үйдің көршілерін шақырып, кейін будақтап жатқан өрттің арасына кіріп, үйдің түпкі бөлмесінде еш қауқарсыз қалған Марина мен Виталийді сыртқа алып шыққан.
«Олар бірінші болып келді. Үстілеріне суды құйды да, қалың өрттің арасына лап қойды. Бірнеше минуттың ішінде, өртке оранған үйдегі адамдар сыртқа шығарыла бастады. Егер полицейлер болмағанда адамдар тірідей өртеніп кетер еді. Себебі, біздің ешбіріміз өртеніп жатқан үйге кіруге батылымыз жетпейтін еді. Бұл рас», дейді көршілер.
«Оқиға орнына жеткеннен кейін біз жедел іске кірісіп кеттік. Өйткені ойланып отыратын уақыт жоқ еді. Сыртта әжей жылап, үйдің ішінде адамдар қалғанын айтты. Біз әріптесім екеуміз өртеніп жатқан үйдің ішіне кіріп, адамдарды сыртқа алып шықтық. Ал тағы тір әріптесіміз сыртта қалып, өрт маңайына адамдады жақындатпай тұрды. Біз ол жерде өзіміздің басымызға төнген қатер туралы мүлде ойламадық. Себебі, қалың өрттің арасында, еш дәрменсіз қалған адамдардың өмірі маңызды еді. Құдайға шүкір, бірі аман қалды. Қауіп артта қалды. Өрттен зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді»,-дейді Алматы қалалық ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасы, мамандандырылған батальонының аға инспекторы Елдос Досанов.
Кейін анықталғандай, аталмыш көше бойында бір-біріне жақын орналасқан үш бірдей үй түгелдей өртке оранып кеткен. Оқиға орнында оперативті жұмыс жүргізген өрт сөндірушілер тілсіз жауды 1,5 сағатта ауыздықтаған. Өрттің шығу себептері анықталуда.





