Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Дамыту жолындағы маңызды шаралардың бірі – ауылшаруашылық кооперативтерін құру. Мақсат – кооператив мүшесінің кіріс алып, еңбек өнімділігін арттыруы. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктеріне 5 жылдың ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тарту туралы тапсырма бергендігін баршамыз білеміз.
Негізінен алғанда ауылшаруашылық кооперативтерін құрудың маңыздылығын шетелдік тәжірибелермен бөліссек: Америка құрама штатында 1950-2006 жылға дейінгі аралықта шағын шаруа қожалықтарының саны 3 есеге азайса, орта шаруа қожалық иелерінің көрсеткіші 2 есеге дейін өскен. Міне, кооперативтік шаруашылықты құрудың негізгі шарты да осы. Оны ұйымдастыру үшін біріктірілген кәсіпорындардың және шаруашылықтардың мүдделерін сақтау басты назарда болуы шарт.
Қолданысқа енген «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Заңының аясында Сарысу ауданында да кооперативтер құрылуда. Бұл жайлы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Дариябеков тарқата айтып берді.
-«Бірлік бар жерде, тірлік бар». Қашанда бірлесіп бас қосып, кооперативтер құру заман талабы. Қазіргі кез жұмыла еңбек ететіндердің заманына айналуда. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» дегендей қандай бір істе болмасын жалғыз айналысқаннан гөрі, бірлесе шешкен іс тиімді болмақ.
Бүгінде табиғаты ерекше, облыс орталығынан шалғайда орналасқан біздің аудан тұрғындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірігуі маңызды шара, осыған орай ауданда кооперативтер құру жөнінде белсенді жұмыстар жалғасын табуда,- дейді С.Дариябеков
Бұл тұрғыда нақты мысалдар келтіруге де болады. Мәселен, Досбол ауылдық округінен құрылған «JANA KOKDALA» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Талғат Наханов аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарымен жеке қожалықтардан және өзінен 4000 бас қозыны жинақтап бордақылап «Мерке-ет», «Оңтүстік-халал» ЖШС-нің ет комбинатына өткізіп, экспортқа жібереді.
Тоғызкент ауылдық округіне қарасты «Usharal-Agro» ауыл шаруашылығы кооперативі 20 секциялы мал бордақылау алаңын құрып 3500 бас қойды бордақылап, нарыққа және «Мерке-ет», «Оңтүстік-халал» ЖШС-нің ет комбинаттары арқылы экспортқа жібереді.
Жаңаталап ауылдық округінен «Жантөре-Саудакент» ЖШС директоры Медеу Шаханов 100 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесін еңгізген. Ол жерге көкөніс, жүгері және бақша өңімдері егілген. Алынған өнімді сақтау мақсатында 150 тонналық қойма салып мұздатқыш қондырғыларын орнапақ. Сонымен қатар өзінде бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, мал азығы ширатпа жем шығаратын цех ашуды жоспарлауда. Соның нәтижесінде тұрақты 15 адамды жұмыспен қамтиды. Ал наухан кездерінде еңбекшілердің саны 160-200 адамға дейін жетеді.
Түркістан ауылдық округіне қарасты «Бәйімбет» шаруа қожалығының төрағасы Ғалымжан Қайсарбеков шаруа қожалығы негізінде ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, құрама жем дайындау цехін Жаңатас қаласынан ашуды көздеп отыр. Оған қажетті құрылғылар Қытайдан сатып алынып, орнатылу үстінде. Ал шикізат Жаңарық, Түркістан ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарынан және жеке тұрғындардан алынады.
Сонымен қатар Түркістан ауылдық округіндегі "Түркістан" ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы М.Сейлбеков танкер сатып әкелгенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда ауылдық округтен сүт өнімдерін жинақтап Жаңатас қаласында жаңадан ашылатын сүт цехына өткізу үшін ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде.
Дариха Үмбетиярова
Пікір қалдыру