Борбайдың хикаясы (әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170708182142136_small.jpg

– Следющий...

– Менші?

– Келе-ссі-і...

Артындағы да әзер тұрған екен, кимелеп келіп Бүның ыйығынан асыра бір қалта қағазды ұстата қойды.  Анау қалтаны ашып, бірінші парақты қарар-қарамастан:

– Машинкамен бастырып әкеліңіз,–деп шолақ қайырды да, қалтаны жабар-жаппастан қайта ұсынды.

– Өткенде осында отырған қыз қолмен жазып әкеле берсең болады,-деген еді-ғой...

– Онда сол қызға өткізіңіз.

Бұл енді шын сасайын деді.

– Ме-ен не істеймін?-- дауысы сұраудан көрі жалынышқа бейім әуезде жарқышақтана шықты.

– Мен сізге қазақша айтып тұрмынғой. Не Қытайыңызға барып дұрыстатып әкеліңіз, не осы фамилиямен жүре беріңіз, несі бар, қазақта қандай фамилия жоқ.

Осыны айтқанда ананың әуенінен сызды кекесін, дұрысы кекесіннен көрі келемежге жақын бірдеңе сезіліп тұрғандай болды.

–- Түсіндірді-ғой енді, орын босатсаңызшы!

–- Қағазыңызды дұрыстап бірақ әкелмедіңіз бе?

–- Асығып тұрмыз бәріміз, жол беріңізші бізге де.

Қай бір аңсағандарынан келіп тұр дейсіз бәрі де, Бұның артында тұрғандар бірден шулап қоя берді.

Көрген азды-көпті тәрбиесі бар, оның үстіне анандай жауаптан кейін ауыз ауыртудың артық екенін осында келгелі бергі жылдардағы тәжірибесінен бағамдайтын Бұл қалың нөпір кезектен сытылып шықты. Шығуын шықты-ау, ендігі беталысы беймәлім байғұс дәлізде арлы-берлі жүрді де қойды. Не істесе екен? Тәуекел осы фамилиямен жүре бере ме, әй, болмас! Қайда барса алдынан шығады-ғой “Борбайлап”. Жоқ, “Қытайға барып өзгерттіруге талпынса ма екен?” бетін ары қылсын, нағыз қиямет сол-ғой! Әмбе Қазақстан азаматтығын алардан бұрын көрмегенім осы болсын дегендей барлық құжаттарын Қытайдың тиісті орындарына аты-көтімен өткізіп тынған. Енді барып оны аштырып көр! Ізденген күнде ол жоқ-қой, “кеше ғана қолымызда туылып өсіп, дәм тартып Атақонысына кеткен бір тумамыз еді, қағаздарын көзіндей көріп сақтап қояйық” деп қанттай қылып қаттап қойды дейсіз бе.

Демек, мәселені осында шешу ләзім.

Бұл бастыққа кіретін болып шешті.

Бастықтың кабинетінің есігіне “N ауданы ІІБ Көші-қон полициясы бөлімінің бастығы Ботбаев  Мэлс Советханұлы” таңбаланыпты. Алла алдынан жарылқағыр атасының ардақты есімінің өзін елге мазақ етер белгі іспеттес болғалы бері Бұның есім-сойға болған сезімталдығы алабөтен асқынып алып еді. “Әкесі сәбетіңнің қайнап тұрған шағында дүниеге келген қу болды” деп топшылады, “фамилиясы қазақтың дардай руының атында екен, егер қытайда туылып келгенде мұның фамилиясы...” Осы жерге келгенде Бұның қиялын шаттық па, шабыт па, жоқ, ажуалаума,  әйтеуір еліктіргіш бір түйсік биледі де алды. “Егер қытайда туылып келгенде мұның фамилиясы Бұтбаев, иә, Бұтбай болуы кәдік еді-ғой ” , “Бұтбай” деп қайталады Бұл масайрай, мұнысын тағы маңайына жар сала жарияндағысы келді.

Мұның жайы мынада еді. Қытай тілі фонетикасының заңдылығы бойынша

дауыссыз дыбыс дауысты дыбыссыз дара дыбысталмайды. Ботбайыңыз қытай тіліне жөткермеленгенде не “Bо tе bаі” не “Bu tе bаі” болуы керек. Зәудеғалам “Bu tе bаі” болып жөткермеленгенде оны бұтбай деп қана қазақшалайсың-ғой.

Бұның да Алла алдынан жарылқағыр атасының есімі Бөрібай болатын. Оны тілің қайырымға келмей қалғыр қытайлар кезіндеBо  еr bаі” деп жазғанда, енді мұнда құжаттандырарда біздің шала дүмшелер оны Борбай деп қасқитқан. Уағында Бұл да айтқан, түсіндірген, тәжікелескен, алайда тыңдарға құлақ болмаған, нотариюс жігіт саңылаусыз басының екеу еместігін алға тартып Бұны қуарман болған.

“Халықтың көші-қоны туралы” заңының соңғы нұсқасындағы шетелде туылуына байланысты аты-жөні дұрыс жазылмаған оралмандардың есім-сойын қазақи қалыпқа сай өзгертіп алуларына құқылы екендігі меңзелген бабына сәйкес тегін түзетіп жазғысы келіп жүргендегісі-ғой Бұл пақырдың.

Жаңағы бір әредік мысқылды сезімге елітіп тұрған сәтін көпсінді ме, жайшылықта сағаттап күткізетін бастықтың есігі ашылып, іштен шыққанды шығарып салған хатшы қыз кезек сіздікі дегендей ишара жасады Бұған. Мұндайда аз-кем күттіретін дағдысымен емес, апыл-құпыл кірген Бұған  оң қол жақтағы есікті нұсқады. Бастықтың мұндай жылдам қолжетімді болғанын күтпеген Бұл сәл абдырап қалғанымен, „Ассалауын„ алқымына толтыра жиып есіктің тұтқасына жармасты. Бастығым тура қарсымда төрдің қақ басында отырар деп топшылауы өзін ақтамай шықты. Қайта “Ассалауын” аңырата кірмегені дұрыс болған екен, іште ауызғы бөлмеден тыныстылау және бір бөлменің сол жақ қанатында бастық деуге жас мөлшері де, салауаты да мүлде келіңкіремейтін аққұба қыз отыр.

Бұл қызға сасқалақтай амандасты, басы да абайсызда қызға қарай әжептәуір бұрыш жасай иіліп барып қайтты. Мұндайға әбден көндіккен бәле ме, қыз бұған көзін аудармаған бойда компьютерге бедірейген беті “кәзір” деді. Сезгені оның оң қолындағы тінтуірдің баспағы мен таңдайындағы сағыз қосыла тырс-тырс еткендей болды. Бұған ештеңені бағамдап үлгертпестен орнынан ширақ тұрып үстелінің сол қанатынан айналып өтіп, Бұның қарсысындағы есікке беттеді. Қыз беттемегенде Бұл онда есік барын байқамаған да болар ма еді-ау. Оң қолымен тұтқаны қымқыра ұстаған қыз сол қолымен көйлегінің жағасын реттегендей болды. Сөйтті де есікті ашты, ашты да жапты. Арасы көз қысып үлгермейтіндей жылдамдықтан Бұл секем ала бастады, іштегің “занят” шығар деп. Алайда, бұл күтпегендей, қыз “сізді” деді Бұған тұңғыш рет тіке қарап, тап бір топ кісінің арасынан осыны ғана қалап тұрғандай. “Ассалауын” қайта қауымдап Бұл орнына кербез беталған қызды соға жаздап есікке ұмтылды.

Ботбаев мырза— мұның қалауындағы “Бұтбай” мырза-- Бұның межелегенінен әліде қайда арырақта отырған болып шықты.  Тай шаптырым кабинет деп осыны айт, Бұның бастықты көремін деп шамалаған тұсы оның үстелінен атбойы бері түскен-ді. Деседе сәлемі толық жеткен болуы керек, “Әликкіссәләм” деп орнынан шала көтеріліп қолын ұсынды, мұнысы Бұның күтпеген қыймылы еді. Астанаға әлденендей өтінішпен барған бір танысының әлдебір департамент бастығына кіргендегісін айтып күлдіргені есінде. “Кабинеттің сонау басында жас шамасы балаңдай біреу отырады екен, жас болғасын сәлем берер деп үміттенгеніңе еш ыңғай байқалмаған соң өзің сәлем береді екенсің, бірақ жүзінде әлдеқандай ишараның ізі жоқ оның ерні ғана болмашы жыбырлағандай болады. Ентелей соза ұсынған қолың да әуеде қалқып қалады, сосын шарасыз үстелде жатқан ананың мамық қолын өзің қосқолдап жәйімен көтеріп алып сілкіп-сілкіп орнына қояды екенсің” деп.

- Қандай бұйымтай?-деді салған жерден орнына жайғасып жатып, Бұған да толық жаюлы алақанының ұшымен өз үстеліне тігінен қадала  қойылған ұзынша үстелдің алдындағы орындықты нұсқап. Өтінішін аса ілтипатпен оның алдына қойған соң барып меңзелген орынға қонжиды Бұл.

Өтінішке байыппен көз жүгірткен “Бұтбай” оң қырында тұрған магнитафон құлағын солға қарай бұрап ойнап тұрған жеңіл музыка үнін естілер-естілмес

шамаға апарды.

– Түсінікті,–деді сосын басын қағаздан көтеріп бұған қыдыра қарап–өтінішіңіз орынды, білетін де шығарсыздар, Қазақстан дүние жүзіндегі бауырластарын өз еліне жинап жатқан үш мемлекеттің бірі. Елбасы,  Қазақстанның тұңғыш президенті,Ұлт көшбасшысы, әлемдегі күллі қазақтың бірден-бір жанашыры, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Әбішевич Нүрсұлтан Назарбаев ана  ғасырдың 90-жылдарының басынан-ақ әлемге тарыдай шашылған қандастарды отанға—қасиетті Қазақ жеріне шақырған болатын. СОЮЗ ыдырап, экономика құлап, балапан басына тұрымтай тұсына дегендей сол қыйын да алмағайып жылдардың өзінде президентіміз қазақтарды асқан бауырмалдықпен елге әкеле бастады. Оларға квота тағайындап, баспана бөлгізді, “Нұрлы көш” бағдарламасын жасақтап қандастарымыздың бытырамай шоғырлы қоныстануына жағдай жасады, елге келіп оқығысы келетін жастарға оқу ошақтарынан квота болгізді. Президенттің осындай салиқалы саясатының нәтижесінде бүгінде отанға оралған туысқандардың саны миллионға жуықтады.

Осы айтылғандардың тікелей куәгері есебінде бәрін құп көріп отырған Бұны ішін ананың “туысқандар” деген лепесі бірден жылытып сала берді.

–Десе де бұл әлі де аз,–деп сабақтады сөзін “Бұтбай”–Біз жер көлеміміз жағынан дүниедегі 9 -шы елміз, жеріміздің асты-үсті толған байлық, бізде мендельев кестесіндегі элементтердің бәрі табылады, алтын, мыс, мырыш, қорғасын дегендердің қоры дүниедегі алдыңғы ондықта,. Мұнайдан 12-ші орындамыз, астықтан 6-шымыз,. Адамзатты айға ұшырып жатқан ураннан көш бастап тұрмыз, Совет  заманында қойымыз 20миллионнан асатын.....

“Бұтбайдың” дәйектері Бұның бойын бір алмағайып мақтанышты сезімге бөледі, ара-тұра жолы түскенде тура осы тақылеттес мысалдармен мақтанып  қытайлармен тәжікелесіп алатыны бар-ды Бұның да, тәтті түйсіктің кәйфімен бастықтың сөзін ары қарай естімей де қалды.

–Құдайға шүкір деп айтайын,-деген көтеріңкі дауыстан селк етуге таяу қалыпта өзіне келді - Елбасы, тұңғыш президентіміз, Ұлт көшбасшысы, ғасыр ғұламасы, бізге нұрлы бағдар сілтер нешелеген монографиалардың төл афторы, экономика ғылымдарының докторы Әбішевич Нұрсұлтан Назарбаевтің қамқорлығы және тікелей бастамасымен экономикамыз күн санап қуаттанып, жылына қаншамалаған индустриялы-инновациялық жобалар іске қосылып, зауыт-фабрикалар өндіріске кірісіп жатыр. Еліміз бүгінде дүниедегі дамыған 50 елдің біреуі, енді отыздықты межелеп отырмыз, алтын-валюта қорымыз 100 миллиардқа жетті, самұрық қазына қорындағы жинағанымыз өз алдына, кісі басына шаққандағы ішкі өніміміз12000$-дан асты. Осының барлығы патшамыз айтқандай қазақтың арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болмаған табыстарғой. Қазір қазақстанды төрткүл дүние таниды, БҰҰ белді мүшесіміз. Алақандай жерге зәру отансыз қанша халық бар, арыға бармай-ақ мына өзің келген қытайдағы ұйғырлардың тағдырына қарап тәубе үйіруге тиіс емеспізбе!

Бұл шындап ұйыйын деді.

– Жаңа да айтып отырмыз, әлемге әйгілі саясаткер, біздің елбасы, Қазақстанның тұңғыш президенті, ұлт көшбасшысы, Еуроазиялық одақ, G-глобал, әлемдік дәстүрлі діндер диалогы сынды ірі -ірі әлемдік бастамалардың авторы, Ататүрік, Ли Куан иоу, Дэн Сиаопиндармен қатар аталатын танымал реформатор Әбішевич Нұрсұлтан Назарбаев нешеме халықаралық сондай-ақ аймақтық іс-шараларға бастамашы болды. 2017 ЕКСПО-ны өткізуді ұтып алуымыздың өзі үлкен сенім. Ол кісінің тікелей қатысуымен орнығып жатқан Еуроазиялық економикалық одақтың өзі неге тұрады? Осының  өзін түсінбей “ойбай біз ресейдің қолтығына қайта кіріп барамыз, әрең тапқан тәуелсіздігімізден айырылатын болдық”деп байбалам салатындар бар, үлкен кісі өзінің Ұлытаудағы сұхпатында “оңатымызға келмесе одан кезкелген уақытта шығып кетеміз”демедіме, бұдан артық не керек? Ол кісі өзі бас болып өткен ғасырдың өзінде Қазақстан халықтарының ассамблеясын құрған-ғой. Ондағы мақсаты біздің қасиетті қазақ топырағында жасап жатқан 130 ұлт пен ұлысты бір атаның баласындай берекеге ұйыту еді, бүгін бұл ниет орындалып, барлығы сен-мен деспей өмір сүріп жатыр. Осыдан әңгіме тауып, қазақтың мүддесі тапталып жатыр дейтін пікір қалыптастырғысы келетіндер бар өзімізде.  Неге керек осындай әңгіменің? Құдай бетін ары қылсын, анау Украйна не болды, жап-жақсы ел бір-ақ жылда быт-шыт болды, екі көзінің біріндей қырымнан айырылды, қанша халық босып кетті, әлі де не болары беймәлім, осындайда әуелі ұлы көршіміз ресейдің көзі түзу болсын дейсің.

Осыны естігенде Бұның да бойы тітіркеніп, ішінен тәубесін үйірді.

–Алысқа бармай-ақ қояйық, міне өзіңіз отан деп , елім деп екі өкпеңізді қолыңызға ұстап жеттіңіз, иә. Енді тегімді қазақша жаздырайын, елге күлкі болмай Бөрібай болып кеудемді керіп жүрейін деген тілекпен келіп отырсыз.

Осының өзі біздің, қазақ елінің  демографиялық жағдайының оңалуына қосылып отырған үлке-ен үлес деп бағалаймын өз басым. Сол сияқты Елбасы, Қазақстанның тұңғыш президенті, Ұлт көшбасшысы, жастардың рухани ұстазы, өскелең ұрпақтың толағай үлгісі, идеалы, керек болса пірі  деп айтар едім  Әбішевич Нұрсұлтан Назарбаевтің орасан қамқорлығы және тікелей тапсырмасымен жас келіндеріміздің бала туу көрсеткіші көтеріліп, оралмандарсыз біздің ішкі өсіміміздің өзімен-ақ демографиялық жағдайымыз өрге басып келеді. Міне ширек ғасырға жетпейтін мерзімде біз

СОЮЗ ыдыраған кездегі санымыздан асып үлгердік. Тәубә, бүгін 17 миллион халықпыз, және оның басым бөлігі өзіміздің қара көздер. Сондықтан, бауырым шүкіршілік дейік, елге келгеніңе қуанамыз. Өтінішіңді қарап шықтым, өте құптарлық талап, бірақ бұл біздің құзырымыздағы шаруа емес. Кімнің шешетінін сол тиісті органдарға барып жолығарсың, жолың болсын, тағы сұрақтарың болса келіп тұр, жәрдемдесеміз. Сіздерді тыңдау, қол ұшын беру, мәселелеріңізді шешу біздің борышымыз.–деп орнынан жайлап түрегеліп Бұған қолын ұсынды.

Беріле елітіп отырған Бұған мынау тым тосын соқты. Деседе, орнынан жылдам тұрып Бұл да қолын ала ұшты, алақаны “Бұтбайдың” әлеуетті алақанына тиер-тиместе “рахмет, аға, рахмет! Жауабыңыз тым тұшымды болды, өтінішіме мән беріп қарап шыққаныңызға және шешім бергеніңізге қайталай көп-көп рахмет” деп жылдам артқа бұрылды. “Оу, мынауыңды ұмыттыңғой” деді Ботбаев, “ой, кешіріңіз, толқығанымнан...” Сөзінің аяғын үзіп жіберді. Өтінішті ала жіті  басып сыртқа ұмтылды, аяғы жеңілдеп кеткендей сезілеме қалай?

Осы беттесіне кедергі болмаса-ақ игі еді, пенденің тілегеніндей болсын ба, манағы қара нөпір кезек Бұның жеңілдеп шыққан адымын аштырмай зығырданын қайнатқаны.

Құрмет Қабылғазыұлы

2015 жыл маусым

Қатысты Мақалалар