Әлем халықтары тағамды бір мөлшерде пайдалану керек. Бұл Миландағы 1 маусым мен 31 қыркүйектің аралығында өтетін ЭКСПО-2015 бүкіләлемдік көрмесінің басты ұраны. Аталмыш көрмеге қазақстандық делегация да қатысуда. Тек қатысып қойған жоқ. Басты фавориттердің біріне айналды. «Қазақстан павильоны EХРО Milano- 2015 көрмесіне келген қонақтардың үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Күн сайын бұл жерге еліміздің мәдениетімен, тарихымен жақын танысқысы келген адамдардың үлкен кезегі жиналады.
Осы ретте «Қамшы» порталы Милан қаласында өтіп жатқан бүкіләлемдік EХРО 2015 көрмесіне және ЭКСПО тарихына шолу жасаған болатын.
- Қазақстан павильоны EХРО Milano - 2015 көрмесінде қонақ ең көп келетін орындардың біріне айналды. Reppublica басылымы жариялаған ақпараттарға сүйенсек, ол ең танымал бес павильонның қатарына кіреді және күн сайын 4500-дей адам қабылдайды.
- Қазақстан павильоны EХРО Milano - 2015 көрмесінде Колумбиядан кейінгі екінші орынды алып тұр.
- 27 маусым күні Миландағы ЭКСПО- 2015 көрмесі аясында Қазақстанның ұлттық күндері ұйымдастырылды. Салтанатты шараны ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Көрмеге қатысушы 147 елдің өкілдеріне қарата айтқан сөзінде Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік көрменің жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстарын атап өтті.
- Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Миландағы ЭКСПО -2015 аясында ұйымдастырылған Қазақстан-Италия бизнес-форумында Италия премьер-министрі Маттео Ренцимен бірге лифтте тұрып қалды. Жазбада Назарбаев пен Ренцидің лифтте бірнеше минутқа қалып қойғаны айтылады. Өртсөндірушілер жағдайды қысқа мерзімде реттеу үшін есікті балталауға мәжбүр болды. Айтпақшы, форумда құны 500 миллион доллар болатын 20 құжатқа қол қойылған.
- Expo Milano -2015 бүкіләлемдік көрмесіне әлемнің 147 елі қатысуда және олардың 110-ы ұлттық күндерін өткізеді. Бұған дейін мұндай шараны Түркіменстан, Марокко, Аргентина, Тунис, Қырғызстан, Конго, Ұлыбритания, Корея және басқалар ұйымдастырған болатын. Барлығы екі ай ішінде миландық көрмені 3 миллионнан астам қонақ тамашалады.
- Миландағы көрмені сәтті өткізуді тілеген ҚР Президенті келген қонақтарды алдағы Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырды. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» басқарма төрағасы Әділбек Жақсыбеков, «Миландағы қазақстандық павильон секілді ЭКСПО-2017 көрмесі де қонақтардың үлкен қызығушылығын туғыза алады»,-деді.
Иә, Миландағы Бүкіләлемдік көрмені тамашалауға келгендердің қарасы мол және оларды Қазақстан павилоны қызықтырады. Себебі, біздің елдің павилонында келген тамашалаушыларға «қымыз» құйып қарсы алуда. Иә, қазақтың бауырсағы мен қымызы, қымыраны көрмеге келгендердің қызығушылығын тудырмай қойсын ба?! Әзірге Миланда екінші болып тұрмыз. Дегенмен, Миланнан кейін кезек бізде. Астана осындай ауыр міндетті мойнына жүктегенде тәуекелдердің болатынын білсе керек-ті. Әйтпегенде ЭКСПО тарихында бүкіләлемдік көрмені ұйымдастырып, шығынға белшеден батқан елдер аз емес. Жә, енді осы ЭКСПО-ның өткен тарихына көз жіберіп көрейікші. Кім ұтты? Кім ұтылды?
- ЭКСПО 2000 Германияның Ганновер қаласы. Шығын мөлшері: 1,2 млрд. евро. Тамашалайды деп күтілген 40 млн. адамнан, бар болғаны 18 млн. адам келген.
- ЭКСПО 2010 Қытайдың Шанхай қаласы. 73 млн. тамашалаушы. Бұл жоспарланғаннан 20 пайызға аз болған.
- ЭКСПО 2012 Оңтүстік Кореаның Есу қаласы. Келеді, тамашалайды деп күтілген 8 млн. адамның орнына, 6,5 млн. адам келген.
Сонымен, Қытай, Германия, Кореа сияқты әлемнің дамыған мемлекеттері көтере алмаған көрмені кішкене ғана Қазақстан қалай өткермек? 2017 жылғы Астана ЭКСПО көрмесінің бас құрылысын сеніп тапсырғандар қыруар қаржыны қалталарына басып әлек.
ЭКСПО-ның биылғы иегерлері көрме аяғына дейін 29 млн. тамашалаушы қатысады деп жоспарлап отыр. Көрменің алғашқы 2 айында 2 млн. тамашалаушы тіркелген. Ал 31 қыркүйек күні көрменің салтанатты жабылу рәсімінен соң, ЭКСПО эстафетасы Қазақстанға келеді. Дайындалайық...
Нұргелді Әбдіғаниұлы