Бүгін облыстық опера және балет театрында «Мерейлі отбасы-2015» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков жеңімпаз отбасыларды марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Елімізде үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған шараға облысымыздан 200-ден астам отбасы өтініш білдіріп, оның 30-ы іріктеуден өтті. Бүгінде 6 отбасы жүлделі орынды иемденді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша І орынға түркістандық Таңғатаровтар мен шымкенттік Қуатбековтер отбасы лайықты деп танылды. Байқауға қатысушы отбасы мүшелері еңбекте, спортта, шығармашылықта, ғылымда жетістікке жеткен әулет болуы шарт. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған. Адамгершілікті, рухани құндылықтарды нығайтып, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру мақсатында өткізіліп жатқан бұл шара үш кезеңде өтті. Ұлттық байқаудың ұйымдастырушысы облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б.Құрманғалидің айтуынша, биылғы жылы біз әр орынға екі отбасыны белгіледік. Себебі, лайықтылар өте көп. Таңдау қиынға соқты. Үздік отбасыны анықтау барысында қазылар алқасы отбасының өмір сүру салтына көбірек назар аударды дейді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының барлық қатысушысы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз І орын иегерлеріне отбасылық шипажайға тегін жолдама берілді. Алдағы уақытта Астана қаласында өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында Оңтүстік өңірінің намысын түркістандық Таңғатаровтар мен шымкенттік Қуатбековтер отбасы қорғайтын болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі