Жаймашуақ жаздың алғашқы күнінен есігімізден аттайтын дүниежүзілік балалардың құқығын қорғау күніне Оңтүстік Қазақстандық кәсіпкерлер де қарап қалмады. Балалардың көңілін көтеру үшін, ата-аналар мен балапандарға керемет мейрам сыйлау үшін Шымкенттік кәсіпкерлер барын салған екен. Балалар күніне орай Шымкентте балалар теміржолы жұмысы іске қосылды. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. Шымкентте балаларды қорғау күніне орай Қажымұқан стансасынан Дендросаябақ аралығына дейін жүріп өтетін «Тұлпар» балалар темір жолы локомотиві ашылды. Балалар темір жолы 1979 жылы сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровтың тікелей басқаруымен салынған. Жол ұзындығы – 8 шақырымға жуық. Бір нүктеден екінші нүктеге жету, шынайы темір жол нысандарына ұқсас болу жағынан бұл темір жолға тең келер нысан елімізде жоқ. Биыл балалар темір жолын қайта жаңғыртып, іске қосып отыр. Әрине, бүгінгі күн балалар темір жолының жолағы составтың жүруіне жарамды, ал локомотив пен вагондар сәбилер тасымалына қабілетті болғанымен, алдағы уақытта семафорларды жаңғырту, жолдың екі жағындағы қорған зонасын тазарту, рельстер мен шпалдарды түгелімен тексеруден өткізіп, жарамсыздарын ауыстыру, жетпей тұрған нысандарды салу сияқты үлкен жұмыстар бар. Бүгінгі күн балалар темір жолын қалыпқа келтіріп, пайдалануға беру мәселесімен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС айналысуда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі