Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде жараланған үш адамның бірі сегіз жасар Аян Шәріпбек ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы баланың әкесі Ербол Шәріпбек хабарлады деп жазы Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қалалық № 2 балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатқан баланың дәрігері Айдын Нұртасұлының сөзінше, Аянның жүрегі 2 тамызда таңертең тоқтаған.
24 маусымда Арыстағы әскери қару-жарақ қоймасында жарылыс болып, адамдарды эвакуациялап жатқан кезде 8 жасар Аян Шәріпбекті көлік қағып кетіп, басы жарақаттанған еді. Бүлдіршінді 28 маусымда санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына шұғыл жеткізген. Дәрігерлер операция жасап, шетелден мамандар шақыртылған.
Әкесі Ербол Шәріпбектің сөзінше, үйдің кенжесі Аян зерек әрі пысық бала болған. Бұған дейін Азаттыққа берген сұқбатында Ербол Шәріпбек Арыс қаласындағы жедел жәрдемнің ұлына дер кезінде көмек көрсетпегенін айтқан.
Аян Шәріпбек – Арыстағы әскери қоймадағы жарылыс салдарынан өмірі қиылған төртінші адам. Бұған дейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі үш адам – бір бейбіт тұрған мен екі әскери жан тапсырғанын хабарлаған. Жарылыстан соң 400-ден астам азамат дәрігер көмегіне жүгінген. Тағы 80 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған.
Әсемгүл Мұхитқызы
azattyq.org
Пікір қалдыру