«Маңғыстау облысы мәдениетінің Астана қаласындағы күндерін ақын Оңайгүл Тұржанның «Теңіздер де шөлдейді» атты жыр кешінен бастап отырмыз. Мәдениет күндерін ұйымдастыру алдында әр облыстың ақыны, жазушысы секілді атақты адамдардың шығармашылық кешін өткізу ескерілген болатын. Оңайгүл Ізтұрғанқызы Маңғыстау өңірінде дүниеге келген. Бүгінде ол Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет атқаруда. Осы орайда ақынның шығармашылықтағы, ғылым саласындағы өзіндік еңбегін ескере отырып, өңіріміздің елордадағы мәдени күндерінің аясында Оңайгүл Тұржанның шығармашылығын да қамтыдық»,- деді басқарма басшысы. Оның сөзіне қарағанда, ертең елордадағы «Шабыт» шығармашылық сарайында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Сержан Шәкраттің «Күй құптаны» атты концерті, М.Горький атындағы орыс драма театрында Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының «Абылай хан» қойылымы өтеді. Ал 25 маусымда Астанада Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының «Қаңбақ шал» қойылымы өткізілсе, осы күні кешқұрым Конгресс холлда «Сарыарқа - елдің жүрегі, түбектің сенде тілегі!» атты Маңғыстау өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылады. Бекбол Базарбаевтың айтуынша, гала -концертке өңірдің 300-ге тарта өнерпазы қатысады. «25 маусымда өнерпаздар ұжымы Павлодар облысына сапарлаймыз. 28 маусымға дейін осы облыста мәдени күндерімізді өткізіп, кейін өңірімізге ораламыз», - деп түйіндеді ол.