1992 жылғы 23-маусымда елімізде «ҚР ішкі істер органдары туралы» заң қабылданды. Бұл Қазақстан полициясының қызметін айқындаған алғашқы құқықтық құжат болатын. 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым Полиция күні деп ресми түрде аталды. Ал, мемлекеттік қызметшілер күнін атап өту туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы 2002 жылы қарар қабылдады. Біздің елімізде бұл күн 2013 жылы мереке болып жарияланды. «Қос мейрамды атап өтудегі мақсат– қауіпсіздік пен тыныштық сақшыларын қолдау, еңбектерін бағалап, лайықты марапаттау және осы жолда құрбан болғандарды еске алу» деді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қ.Дәлбеков. – Елбасының полиция қызметкерлеріне арнайы мереке белгілеуі – бұл біз үшін жоғары сенім мен үлкен мәртебе. Ішкі істер органдарының тарихы – тәуелсіз мемлекетіміз тарихының бір бөлігі. Сол жылдары төмен жалақы, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларының қарастырылмауы– көптеген білікті мамандардың басқа салаларға кетіп қалуларына әкелді. Сондай қиындықтарға қарамастан, кешегі маңғыстаулық полицейлер – бүгінгі ардагерлер өз міндеттерін абыроймен атқара білді. Қылмыспен күресіп, қоғамдық тәртіп орнатуда тер төккен олар бүгінде жас мамандарды тәрбиелеуге атсалысуда,-деп ардагерлерге алғыс айтты Қайрат Сұлтанбайұлы. Департамент бастығының айтуынша, бүгінде жағдай өзгерген. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етушілерге үкімет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Мекеменің материалдық-техникалық негізі жақсарып, қызметкерлер баспанамен қамтамасыз етілуде. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларына қосымша 100-ден астам соңғы үлгідегі бұрылмалы бейнебақылау камералары орнатылған. Соңғы екі жылда арнайы автокөліктер, радиобайланыс құрылғылары мен компьютерлік техникалар жаңартылған. Ағымдағы жылы Жаңаөзенде құқық қорғаушыларға арналған екі тұрғын үй тұрғызылып, табысталған. Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінде 2 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Қоғамдық тәртіп орнатып, қылмыспен күресіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды мақсат еткен олардың басым көпшілігі өз істерін сүйетін білікті мамандар. Тәртіп жоқ, қылмыс көп елде тұрақтылық пен экономикалық даму да болмайтыны анық. Сондықтан да полицейлерге жүктелетін міндеттің салмағы ауыр. Осы орайда, бірқатар қызметкерлер мереке құрметіне орай марапатқа ие болды. Бейнеу аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Мұрат Ізімов, Ақтау қаласы ішкі істер бөлімі жедел басқару орталығының аға инспекторы Асылбек Сиыхов, уақытша ұстау изоляторының полицейі Бауыржан Елгелдиев және ішкі істер департаменті емханасының зертханашысы Үзілхан Бүркітовалар Құрмет грамоталарына ие болса, басқа да бірқатар қызметкерлер мен ардагерлер Алғыс хаттармен марапатталды. Кеш соңы өнерпаз полицейлер мен эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты.