Ақтау қаласының жоғарғы шағынаудандары мен 16,17 және судың қысымы жетпей тұрғындардан жиі арыз келіп түсетін 13 ықшамауданның, Түпқараған, Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындары үшін бүгін қуанышты күн. Жергілікті бюджеттен бөлінген 480 млн. теңгеге салынған сумен жабдықтаудың орталық торабы арқылы сағатына 300 текше метр өндірілген тіршілік нәрі аталған аумақтарға тарайды. Сапалы ауыз суға қол жеткізген тұрғындарды облыс әкімі Алик Серікұлы құттықтады: – Осы күрделі жобаны жүзеге асырып, халықтың игілігіне тапсыруға жұмыстанған азаматтарға алғысымды білдіремін. Облыс тұрғындары судан тарықпау үшін аймақты сумен қамту жүйесін кезең-кезеңімен іске асыруды қолға алдық. Өткен жылы іске қосылған «Каспий» су тұшыту зауыты жаңғыртудан өтсе, сумен қамту аясы ұлғаяды. Сондай-ақ, алдағы уақытта Кендірліні, «Қаламқас», «Қаражанбас» кен орындарын сумен қамтитын жобаларды жүзеге асыруды мақсат тұтып отырмыз. Судан таршылық көріп келген тұрғындар «Ақбұлақ» бағдарламасының шарапатын сезінеді деген сенімдемін. Осы қуаныштарыңызбен құттықтаймын,-деді аймақ басшысы. Сумен жабдықтаудың орталық торабында әрқайсысы 4000 текше метр болатын екі ауыз су және екі техникалық су қоймасы жұмыс істеп тұр. Жаңа нысанды меншігіне алған «Каспий жылу, су арнасы» МКК бас инженері А.Демидовичтің айтуынша, мұнда 26 адам тұрақты жұмысқа алынған. Кәсіпорын алдағы уақытта жаңа қондырғының көмегімен жоғарыда аталған аумақтарға техникалық суды да таратуды жоспарлап отыр. Салтанатты шарада тұрғындар атынан сөз алған Шығыс-3 шағынауданының тұрғыны Қ.Қаражанов азаматтарға алғыс білдірді. Сапалы ауыз судың игілігін көре бастаған тұрғындар халық денсаулығына, күнкөріс деңгейінің жақсара түсуіне де тікелей қатысы бар бағдарлама ел ырыздығын еселейтініне бек сенімді.