Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жаңа технология енгізу» тақырыбында халықаралық конференция өтті

/uploads/thumbnail/0_small.jpg
Ақтауда Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының кезекті ХХІІІ отырысы мен «Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында  жаңа технологияларды енгізу» атты халықаралық жиын болып өтті. Ұйымға мүше қалалардың өзара байланыс аясын кеңейтуді мақсат еткен ауқымды шараға 10 елдің өкілдері, қала басшылары, инвестиция, қаржы саласының мамандары,  ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.

Облыс әкімі Алик Айдарбаев жиналғандарды алқалы жиынның ашылуымен құттықтап, өңі­ріміздің Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, қарқынмен алға жылжып келе жатқанын айтты. «Бүгінгі басқосудың біздің аймағымызда өтуі де жайдан-жай емес, облысымызға деген үлкен сенім екені анық. Ауқымды шараның құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жандандыру, жаңа  технологияларды енгізу және озық тәжірибелермен алмасу тақырыбын алуы да өзектіліктен туып отыр»,- деді аймақ басшысы. Ақтау қаласы бойынша алдағы  жоспарлар мен жа­салып жатқан жұ­мыс­тар жайында қала әкімі Еділ Жаңбыршин баяндады: «Басқа қалалар сияқ­ты Ақтау да дамудың стра­те­гиялық жоспары бо­йынша алға басу үстінде. Қала­ны өркендету бүгінде 4 ба­сым­дық: әлеуметтік сала, халық­аралық және эконо­микалық байланыстар, ин­ф­ра­құры­лым және жергі­лікті мемлекеттік басқару жүйесін дамыту бағытында жүргізіледі. Ал, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы саласында  және  қоғамдық көліктердің  жолаушы тасымалына байланысты шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Сондай-ақ, тұрғындарды, әсіресе, әлеу­меттік жағынан аз қамтылған жандарды баспанамен толықтай қамтамасыз ету де оңай болмай тұр». Мамандардың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы саласы екі негізгі тетікпен тығыз байланысты, бұл – тұрғын үй секторы және тұрғындарға  коммуналдық қызмет көрсетуді  қамтамасыз ету болып бөлінеді. Ақтаудың коммуналдық инфрақұрылымының жүйесі мемлекеттің қа­дағалауындағы бірнеше монополист мекемелерге шоғыр­ландырылған. Бүгінде өзектіге айналған мәселе – бұл тұрғын үйлердің ескіруі, шатырдан су ағу және жертөлелерді су алу, тоқ жүйелерінің тозуы, жылу жүйесі тұрбаларының бітеліп қалу  оқиғаларының  жиілеуі болып отыр. Біздің қаламызда 850  көп пәтерлі тұрғын үй болса, олардың алғашқылары 60-70 жылдары тұр­ғызылған. Кейбір үйлер қырық жылда бір жөн­деу көрмеген көрінеді. Осы орайда, конференция қатысушыларының бірі Новосібір қаласының мэрі Анатолий Локоть: «Тұрғын үй-коммуналдық  мә­селелер  бар­лық  қалалар үшін бірдей деуге болады. Тек шешілу жолдары мен мүмкіндіктер басқаша, әркім өз қолынан келгенше, қаржысы жеткенше  жұмыс істеуде. Новосібір қаласы  қазір қарқынды даму жолына түскен. Ақтау қаласы әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеуге құштармыз. Біз көршіміз, әрі басқа да ортақ нәрселер жетерлік» деп, ынтымақтаса жұмыс іс­теуге ынта танытты. Бұдан соң баяндама жасаған жиын қатысушылары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын же­тіл­діру  бойынша мәселелердің аз емес  екенін айтып, оның  ше­шімін  бірге  іздеудің және тәжірибе ал­масудың ма­ңыздылығын атап өтті. Мәжіліс барысында облыс әкімі Алик Айдарбаев халықаралық рейтингілік  «Сала көшбасшысы – 2015» бай­қауының қорытындысы бойынша үздік деп та­нылған Ақ­тау қаласы әкімдігінің  «Қала жолдары» бөлі­мі­нің бас­шы­сын және бірнеше қызметкерін марапаттап, сертификат тапсырды. Жиын соңында Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаң­быршин мен  Ресей Федерациясы Қалмақ Респуб­ликасы астанасы Элиста қаласының басшысы Вячеслав Намруев қос қаланың арасында бауырластық байланысты бекітетін келісімге қол қойды. Бұдан соң қонақтар Ақтаудағы өндіріс орындарын аралап, өңірмен танысты.

Қатысты Мақалалар