«Өткен жылы порттың жүк тасымалдау қуаттылығы артып, жоспар артығымен орындалды. Нақтырақ айтсақ, портта 10,3 млн.тонна құрғақ жүк тиелді. Оның ішінде құрғақ және мұнай тиелген жүктер - 5,954 мың тонна, металл өнімдері- 1,229 мың тонна, паромды жүктер – 19,966 мың тонна, астық- 686 мың тонна және өзге 433 мың тонна жүк тасымалданды. Кемелер Ақтау портына 1640 рет, Баутин портына 1273 рет кірді. Қаржылық көрсеткіштерге келсек, акционерлік қоғамның 2014 жылдағы жалпы кірісі 11,4 млрд.теңгені құрайды. Салық және өзге төлемдерден ауысқан қаржы порттың өндірістік мүмкіндігін кеңейтуге, әлеуетін арттыруға, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталды. Теңіз портында көрсетілетін қызметтерге жаңа тарифтер мен тарифтік смета арнайы бекітілген қаулы бойынша қалыптасқан.Қазіргі уақытта портта сапа, экология менеджменті халықаралық стандарттарға сәйкес, кәсіби қауіпсіздік және еңбекті қорғау жүйесін енгізу жолға қойылды» деген тариф саясаты бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Ломакина жұмыс жүйесін жеңілдету үшін автоматтандырылған жүйе қолданысқа енгізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, арнайы қызмет көрсету «бір терезе» бойынша жүзеге асырылып, тұтынушылар қажетті құжаттарын рәсімдеуде уақытын үнемдей алады. Жиында сөз алған «АХТСП» ҰК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті А.Жангасканов Ақтау порты мүмкіндігі мен қауқары өзге көршілес мемлекеттердегі көлік дәлізімен салыстырғанда бәсекелестік қабілеттілігі жоғары екендігін атап өтті. Оның сөзіне сенсек, порттың алдағы даму бағытында техникалық құрал- жабдықтарды жаңғырту жұмысы жалғасын табады. Қоғамдық тыңдауға қатысқан әртүрлі компания өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар жауап берді. Қазіргі таңда Ақтау теңіз порты арқылы Иран, Ресей, Әзірбайжан мемлекеттеріне мұнай, астық, түрлі металдар және өзге де транзиттік жүктер лек-легімен тасымалдануда. Сондай-ақ «Баку-Ақтау-Баку» паромдық желісі үзіліссіз жұмыс жасап тұр.
Ақпарат көзі: "Маңғыстау" газеті. Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ.