Жамбылда ауыл кәсіпкері сауапты іске бастамашы болды

/image/2019/08/21/crop-16_96_839x1250_auyl-kasipkeri.jpg

Жамбыл облысында Аймантөбе ауылдық мешіт жанынан дәмхананың ашылды. Бұл игілікті шараға облыстық орталық мешіттің жаңа тағайындалған бас имамы Қанат Жұмағұлов арнайы қатысты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Айнадай таза, сыртқы-ішкі көрінісі бірдей көз тартарлық ғибадат орнына көңілі толғандығын білдірген бас имам көпшілікке бірсыпыра діни уағыз айта келе, жаңа ашылған дәмхананың құрылымына да риза екендігін жоғары ықыласпен атап өтті.

Жиын барысында аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз Азизов Аймантөбе ауылында ашылып отырған бұл дәмхананың жылдың қай мезгілінде болмасын, ел игілігіне қызмет жасай беретіні, әсіресе, Құрбан айт, Ораза айт мерекелерін, ауыз ашар, құдайы тамақ тарату іс-шараларын өткеруге өте ыңғайлы орын болғанына тоқталды. Сонымен қатар, ол осы дәмхана құрылысының ойдан шығарлық дәрежеде болуын қамтамасыз еткен Аймантөбе ауылының атпал азаматы, белгілі кәсіпкер Аян Лесбекұлына деген ризашылығын баса-баса айтып өтті.

Туған жердің туын жоғары ұстап, жиған-тергенінен ауылының керегіне жаратуда аянбайтын кәсіпкер Аян Лесбекұлы шат көңілде тұрып, «Барлық мақтаулар мен шүкірліктер жаратқан Аллаға болсын. Мен осы ауылдық мешітті салған Керімжан Жапарұлы ағамыздың еңбегі ерекше екенін, ал сосын ғибадат үйі жұмысының жандануына және жұртты имандылыққа шақыруда тынбай іс атқарып келе жатқан ауыл имамы Кенжехан Рахманов бауырымызға Алла разылығын тілеймін. Аллаға шүкір, ауыл адамдарының, соның ішінде жастардың ауызбірлігінің артуы арқасында мінеки дәмхана да ашылды. Көптеп-көмектеп, дегендей, сөз етіп отырған дәмхананың негізгі демеушілері болған кәсіпкерлер К.Дидарбеков, М.Тоқтарбаев, Ә.Төлепбаев, ағайынды Марат, Мұрат Қасымовтар және шаруа қожалық иелері Т.Аманбаев, Б.Нұржігітовтармен бірге құрылысты бастап аяғына дейін сәтті алып шыққан Ж.Шортанбаевтың есімдерін жылы сөзбен атап өткен артық емес. Осы бірлік, осы түсіністікті кейінгі ұрпақ бойынан да көрерміз деп үміттенемін. Өйткені иманы ұйыған елде, өнімді тірлік өркендей бермек»,-деп сөзін аяқтады, ел ісіне жарап жүрген кәсіпкер Аян мырза.

Шынында да, 200 адам еркін отырып бір мезгілде тамақтануға лайық кең дәмхананың ішкі жасауы: стол мен орындықтары ыңғайлы, терезе, есіктері де заманауи пластик дүниелерден жасалғандықтан барлығы бір-бірін толықтырып жарасымын жариялап-ақ тұр.

Дәмхананың ашылу құрметіне жайылған дастархан басында облыстық мешіттің бас имамы Қанат Жұмағұлов құран оқып, ауыл қариялары бата берісті.

Жақсылыққа жиылған жұрт біткен іске біркісідей ризашылық білдірісіп тарқады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар