"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы Басқармасы төрағасы Ахметжан Есімов «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры тасжолының 820 шақырымына барып қайтты, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар жөніндегі департаментінің мәліметінше, Ахметжан Есімов құрылыс объектісіне оң баға беріп, құрылысты уақытылы аяқтауды, сондай-ақ газ құбырын іске қосу-жөндеу жұмыстарының өз мерзімінде бітуін қамтамасыз ету қажеттілігін атап өткен.
"Қазіргі таңда газ құбырының құрылысы 75%-ға аяқталған. Жалғау жұмыстары Қарағанды мен Ақмола облыстарында жүргізіліп жатыр. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ мен әкімдіктер құрылыстың желілік жағы тәмәмдалғаннан кейін елді мекендер мен астананы газбен жабдықтауға кіріседі", – деді "АстанаГазҚМГ" АҚ Бас директоры Сағидулла Мақашев.
Айта кеткен жөн, газ құбыры Қазақстанның астанасын, елдің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуге арналған. Қор ауқымды жобаны қаржыландыруға қатысады, құрылыстың мердігері – "ҚазҚұрылысСервис" компаниясы, операторы – "Астана Газ ҚМГ" компаниясы. "Сарыарқа" газ құбыры "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырынан бастау алады. Негізгі құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңына қарай аяқталатын болады. Пайдалануға енгізу 2020 жылы жоспарланып отыр. Газ құбырының жалпы ұзындығы 1061 км, ол 1,7 млн. тұрғыны бар 171 елді мекенді қамтиды.
Пікір қалдыру