Ұлы Отан соғысы тарихында атын алтын әріппен жазған бірегей тұлға Бауыржан Момышұлының өмір жолына қатысты тың деректер толыға түсті. Батыр Бауыржан өткен ғасырдың 20-30 жылдары құрылған қазіргі Сарысу ауданында ұстаздық етіп, талай қазақ баласының сауатын ашуға мұрындық болған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жайында батырдың өзі жазған «Айтылмаған ақиқат» кітабында да тамтұмдап айтылады. Аталған әңгімеден Шымкенттен бір айлық мұғалімдер курсын тәмамдаған батыр Бауыржанның Сарысуға ұстаздық етуге жолданғанын оқып білуге болады.Сондай-ақ оқырман бұл деректі әңгіме арқылы Сарысу ауданының енді құрылу тарихымен де таныса алады. Батырдың авторлығымен жазылған әңгімеден бөлек сол тұста Сарысу ауданында білім беру ісінің басы қасында жүргендердің естелігі де бұл деректі нақтылай түседі. Мәселен әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанованың әкесі Қаһарман Бөпежановтың қойын дәптерінде Сарысу ауданның алғашқы ұстазы және мектеп директоры Бауыржан Момышұлы болғандығы жазылған. Бауыржан Момышұлының ұстаздық қызметі жайында Сарысу ауданының тұрғыны, Жақсыбай Сүлейменовтің өз аузынан жазылып алынған әңгімеде толық ақпар берілген. Көнекөз қарияның айтуынша Бауыржан Момышұлы бір топ жолдастарымен бірге Шымкент қаласындағы «Ахмет мектебі» деп аталын орыс мектебінде оқыған көрінеді. Іле шала осы қаладағы мұғалімдер курсын тәмамдағанда Бауыржан Момышұлы Сарысу ауданының оқу бөліміне жіберіліпті.
Бауыржан Момышұлы Сарысу ауданындағы ұстаздық қызметін Өксікбай атты байдан кәмпескеленген ағаш үйдегі 150 орындық мектеп-интернатының оқу ісі меңгерушілігіне бастаған. Одан соң мектеп директоры және аудандық оқу бөлімінің басшысы болды. Сол тұста мектепте тәлім алған Балтабай Адамбаев кейіннен тіл саласының білгірі атанды.
Алайда батырдың Сарысудағы ұстаздық қызметі 4-5 ай ғана созылған екен. 1929 жылы үй-жайын көшіріп алуға туған жері Жуалыға барған Бауыржан Момышұлы аудандық атқару комитетіне жауапты қызметке тағайындалған.
Айта кету керек 90 жылдан астам тарихы бар Сарысу ауданында әр жылдары Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов сынды қазақтың бір туар ұлдары із қалдырған. Күні бүгінге дейін аудан тарихынан хабардар азаматтар олардың Сарысудағы сапары жайында мазмұнды әңгімелейді.
Пікір қалдыру