Қазақстан халқы Ассамблеясы 10 мың оқушыға 200 млн теңгенің көмегін көрсетті

/image/2019/09/02/crop-54_2_755x1006_assam.jpg

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынан айрылғаноқушыларға 200 млн  теңге көлемінде қайырымдылық   көмек көрсетті.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының өңірлік филиалдары арқылы жыл сайын әлеуметтік қолдау ұйымдастырып, әлеуметтік деңгейі төмен отбасылардағы балаларға қол ұшын созуды дәстүрге айналдырып келеді. Тамылжыған тамыздан басталып, қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын биылғы науқанға да бір кісідей жұмыла кірісіп, елдік пен кеңдіктің үлгісін көрсетіп отыр.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жақсылық жасап жарысқандар арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. «Достық» үйінде ұйымдастырылған қайырымдылық шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев пен «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов 100 балаға кеңсе тауарлары мен киім-кешек сыйлап, 2 700 000 теңгеге түскі ас ұйымдастырылды.

Бұл игі істі бірден «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы» іліп әкетіп, қайырымдылықтың жарқын үлгісін көрсетті. 78 млн  теңге түрлі қажеттіліктерге жұмсалып, ұрпақ болашағы үшін айрықша белсенділік танытты. Мәселен, 1300 балаға оқу құрал-жабдығы мен мектеп формасын алынып, кәсіпкер Мизангүл Авамисимова Алматы облысындағы Ж. Босаков атындағы мектепті парта, орындықпен тегіс қамтамасыз етті. Жахангер Мұратова Алматы қаласымен бірге облыс көлеміндегі 107 жеткіншекті мектепке дайындаса, Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының Алматы қаласындағы филиалы «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, 600 оқушыға қалам-қағаз, 200 балаға мектеп формасын сыйға тартты.

«Мицва» еврей ұлттық ұйымдарының қауымдастығы 22 балаға 248 600 теңгеге, «Филия» Қазақстандағы грек қоғамдарының қауымдастығы 10 балаға 60 000теңгеге, «Наири» армян мәдени орталықтарының қауымдастығы 100 000 теңгегедемеушілік жасады. Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктер көрсеткен қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 81 108 000 құрады.

         Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктердің қосқан үлесі де қомақты. Оңтүстік өңірдегі этнос өкілдері 2 мын 68 балаға 30 560 000 теңгеге мектепке даярлық жұмыстарын ұйымдастырса, Қостанай облысының 2 889 балаға жұмсаған қаражаты 28 444 969 теңгеге жетті. Қарағанды облысы бойынша этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, Қайырымгерлер мен меценаттар клубының өкілдері бірігіп, 713 балаға 18 254 770 теңгеге жомарттық жасады. Соның ішінде қайырымгерлер мен тәлімгерлер клубының өкілі және «Жомарт жүрек» төсбелгісінің иегері Сәуле Шауенованың жетекшілігімен Жезқазғандағы «Utaria LTD» компаниясы ерекше белсенділік танытқанынайта кету парыз. 67 көпбалалы отбасына 6 млн. теңгеге демеушілік жасап, әр балаға 25 000 теңгеден теңдей бөліп берді. Сәтбаев қаласында тігін және тоқыма шеберханасының шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер, көпбалалы ана Алена Эберман болса, 300 000 теңгенің мектеп формасын 30 балаға тегін ұсынды. 

Жамбыл облысының да аяқ алысы жаман емес, 928 оқушыға 8 100 000 теңге жұмсап, ізгіліктің үздік көрінісін байқатты. Соның ішінде қалалық, облыстық  өзбек этномәдени бірлестігі, облыстық «Немістер қоғамы», «Барбанг» күрділер этномәдени бірлестігі, «Вынхуа» дүнгендер қоғамдық бірлестігі, «Ахыска» этномәдени бірлестігі, «Полонез поляк тілі мен мәдениеті орталығы» қоғамдық  бірлестігі мен «Шиват-цион» еврей этномәдени бірлестігі, Махмуд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігі айрықша атсалысты.
Бұл тізімді ары қарай осылай жіктеп жалғастыра беруге болады.

Дегенмен, топтап айтсақ, Алматы облысы 8250 000 теңгеге, Нұр-Сұлтан  қаласындағы 20 этномәдени бірлестік  52  балаға  7 000 000 теңгеге,  Маңғыстау облысы 1550 балаға 7 580 500 теңгеге, Шығыс Қазақстан облысы  350 балаға 5 564 100 теңгеге, Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктер 140 балаға  5 040 000 теңгеге, Павлодар облысы 1000 оқушыға 5 000 000 теңгеге ауқымды көмек ұйымдастырды.

Батыс Қазақстан облысына келер болсақ, 157 ұл-қызға 1 580 000 теңгеден астам астам көмек көрсетті. Жұмсалған қаражаттың негізгі бөлігін, нақтырақ айтқанда 1 млн теңгеден астамын «Мирзоян» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Аветик Рубенұлы Амирханян өз қалтасынан шығарды. Ол әлеуметтік аз қамтылған жанұяларда тәрбиеленіп жатқан 100 ден астам балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын табыстады. Сондай-ақ, «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағартушылық қоғамының төрағасы Наджав Мамедов көмекті аса қажет ететін 17 мектеп оқушысына 280 мың теңгеге спорттық киімдер мен аяқ киімдер және мектеп құралдарын сыйға тартты. Осы акция барысында «Юнисерв» ЖШС басшысы, облыстық мәслихат депутаты, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Н. Сатбаев 40-тан астам оқушыға 300 мың теңгеге мектеп құралдарын жеткізіп берді.

Өзге облыстағы этнос өкілдері де шама-шарқына қарай үлес қосып, қатардан қалмауға тырысты. ҚХАА қтөбе қаласындағығимаратында «Қоғамдық келісім» КММ, Ақтөбе облысы жанындағы Аналар Кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы, «Әзірбайжан Қауымдастығының» облыстық филиалы, «Шалом» еврейлер этномәдени бірлестігі, «Оксана» украиндердің ұлттық-мәдени орталығы, «Ұйғырлар Қауымдастығы» Ақтөбе облысындағы филиалы 200 мың қаражат көлемінде 10 балаға мектепке қажетті құралдар мен киім-кешек тарту етті. Атырау облысы ҚХА этномəдени бірлестіктері «Тұлпар» сауықтыру кешенінде дем алған Арыс қаласынан келген 47 баланың қолына сөмкелер ұстатып, айрықша қуантты. Арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырып, тəтті сыйлықтар  үлестірілді. Жұмсалған қаражаттың жалпы соммасы – 500 мың теңге.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы 18 балаға – 680 мың, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен 80 балаға жалпы соммасы 800​ 000 теңге шамасында тарту-таралғы таратылды.

Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі таңда «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мың оқушыға 200 млн. теңге көлемінде көмек көрсетіп отыр. Қайырымдылық шарасы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар