Ауылда ақпараттық орталық ашылды

/image/2019/09/03/crop-87_246_2823x5018_auylda-aqparattyq-ortalyq-ashyldy.jpg

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы Жуалы ауданының Бәйтерек ауылында цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Бұл ақпараттық орталық ауылдық кітапхананың ішінде орналасқан. Орталықты жабдықтауға бір миллион 300 мың теңге қаражат бөлініп, оған тиісінше, үш компьютер, бір әмбебеп көшірме құралы, интнернет желісімен қамтылып, тағы басқа қажетті құралдар алынған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Цифрландырылған ақпараттық орталықтың ашылуы салтанатты жағдайда өтіп, оған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшылығы, ауылдардағы кітапханашылар, сонымен бірге ауыл тұрғындары қатысты. Ақпараттық орталықтың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті ауыл тұрғындары! Сіздерді ең алдымен айтулы мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын. Ата Заңымыздың арқасында елімізде көптеген игілікті істер жүзеге асырылып келеді. Тәуелсіз еліміздің де экономикасы өсіп, халықтың тұрмысы мен әл-ауқаты артуда. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар да өз жемісін беріп отырғанын баса айтуға тиіспіз. Міне, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы ел өңірлерінде цифрландыру үдерісі қарқынды жүруде. Шалғай ауылдарда орналасқан кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ашылуы – осының айғағы.

Былтырғы жылы аудан көлемінде 11 ақпараттық орталық ауыл тұрғындарына есігін айқара ашса, биыл да төрт ақпараттық орталықты жабдықтап, ашқалы отырмыз. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың арнайы ақпараттық база қалыптастыру туралы тапсырмасы бар. Осы ретте ауыл тұрғындары бұл орталықтың мүмкіндіктерін барынша пайдалануы тиіс. Сонда ғана тұрғындардың цифрлық сауаттылығы артатын болады. Цифрлық технологияларды енгізу – заман талабы дейтін болсақ, цифрландырылған ақпараттық орталықтар ақпарат алмасуға үлкен мүмкіндіктер жасап отыр. Ендеше, тұрғындардың игілігі артып, елімізде бейбітшілік заман болсын,- деді Ербол Сәкенұлы.

Аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов ақпараттық орталықтың лентасын қиды. Ал ауыл әжелері тәттіден шашу шашты. Одан соң аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаева салтанатқа қатысушыларды цифрландырылған ақпараттық орталықтың жұмысымен жан-жақты таныстырып, көрсетілетін қызметтер бойынша ақпараттар ұсынды.

Айта кету керек, осы күні Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылында да цифрландырылған ақпараттық орталықтың тұсауы кесілді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар