Тоқаев: Жерді ешкімге бермейміз! Біздің халық дана және өз ақылымен өмір сүре алады

/image/2019/09/06/crop-41_33_528x704_10489493.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасында тарап жатқан қауесетке ермеуге шақырып, жалған әңгімелерді жоққа шығарды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі

"Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылып, шет мемлекеттің 55 ескі зауыты тасымалданып, оған мыңдаған шетелдік жұмысшы тартылады деген қауесет тарады. Біздің халық мұндайға сенбеуі керек. Мұндай қауесетті адамдардың патриоттық көңіл-күйлерін айла-шарпып, эмоционалды, эпатажды адамдарды өздерінің белгілі бір мақсаттарына қол жеткізу үшін қаскөйлер қолданады", –  деп мәлімдеді Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президенттің айтуына қарағанда, мұндай жағдайда эмоцияға тез берілетін, сенгіш, аңқау адамдарды пайдаланып жатады. Сөйтіп, өз мақсаттарына жетуге тырысады.

"Біздің халық дана және өз ақылымен өмір сүре алады. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог арқылы мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру, оны біз көбіне нашар орындап жатамыз. Ақыл-ой мен ұсыныстарды ескеру, қабылдау. Мен тағы қайталап айтамын, біз жерді ешкімге бермейміз және әрдайым халықты тыңдап отырамыз", – деп сендірді Президент.

"Бұндай манипуляциялар геосаясаттың бір бөлшегі екенін де түсіну керек. Негізгі мақсат – халықтың бірлігін бұзып, Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру. Алайда біз дана халықпыз және ондайды ажырата аламыз. Ал биліктің негізгі міндеті – диалог арқылы халыққа мемлекеттік саястаттың мақсаттарын жан-жақты түсіндіру. Шыны керек, дәл осы жұмысты кей кезде дұрыс істемейміз", – деп атап көрсетті Тоқаев.

"Біз ұлттық мүддені қашанда бірінші орынға қоямыз. Тағы да шегелеп айтамын, жерімізді ешкімге бермейміз, халқымыздың мұң-мұқтажын әрқашанда ескереміз, басты назарда болады. Шетелдік инвестициялар тек қажетті салаларға ғана тартылады. Жалпы, шетелдік инвестицияларсыз дамушы мемлекеттер өмір сүре алмаймыз. Жапония, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея және тағы басқа елдер инвестиялардың арқасында жетістікке қол жеткізді ", – деді Тоқаев.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар