Мектеп оқушыларын тазалық жұмысына тарту бастамасы айналасындағы дау әлі басылар емес. Бұған қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пікір білдірді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Жалпы, балаларды еңбекке тартуда тұрған ешнәрсе жоқ. Әлбетте, бұл мәселеде бірнеше нюансты атап өткен жөн. Біріншіден, бұл оқу үрдісіне кедергі келтірмеуі керек. Бүгінде оқушылардың сабағы көп. Одан бөлек үйірмелер, қосымша секциялар бар дегендей. Екіншіден, еден жуу ерікті болуы тиіс. Бастама о бастан солай. Яғни, мектеп ұжымы ата-ана және оқушылар бірігіп шешім қабылдауы керек", – деді министр "Ашық диалог" бағдарламасында.
"Әлдекім қолына еден жуатын шүберекті ұстау ар-ожданына тиеді деп есептесе, ата-анасынан алынған салық онсыз да еден жуушылардың жалақысына жұмсалады деп ойласа, ондай оқушыны парта астындағы қоқысты тазалауға тартудың қажеті шамалы", – дейді Абаев.
Сондай-ақ министр мемлекет оқушылардың арқасында үнемдеуді көздеп отырмағанын айтты.
"Еден жуушылар жұмыстан шығарылмайды. Мектепте кезекшілік, толық тазалау жұмысын атқарғанымыз есімде. Тіпті қылша теруге де барғанбыз. Мектепке тиесілі жер телімінің күтіміне жауапты едік. Соның өзінде сабақ оқып, спортпен шұғылданып, түрлі үйірмелерге қатысып, тіпті диспотекаға барып үлгеретінбіз", – деп атап өтті министр.
Минист ата-аналардың көбі осы жолдан өткеніне назар аударды.
"Оқушылардың көбінің ата-аналары осы жолдан өткеніне сенімдімін. Тіпті сол кез туралы ерекше жылылықпен еске алатыны анық. Әлбетте біз мектепте оқушыларды басы артық қажетсіз шараларға тартумен күресуіміз керек. Бірақ балаларды еңбекке баулығанда, жұмыс орнын таза ұстауға үйреткенде тұрған еш сөкеттік жоқ", – дейді министр.
Пікір қалдыру