Тәуелсіз журналист Жанболат Мамай "Сталин қылмыстары: ұлт зиялыларын қалай қырды" атты деректі фильм түсірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Мамай өзінің Facebook парақшасында жазды.
Мамайдың жазуынша, аталған деректі фильмде ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазіргі Қазақстанда жерінде болған жаппай қуғын-сүргін жылдары туралы баяндалады.
"Бірнеше ай бұрын ұлттық тарихымыздың ең қатерлі кезеңдерінің бірі — өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін жайында жаңа деректі фильм дайындап жатқанымызды жариялап едік. Біз еліміздегі барлық тарихи жерлерді араладық: бірнеше мың қуғын-сүргін құрбаны жерленген Жаңалық ауылына, АЛЖИР мен КАРЛАГқа бардық. Еліміздің белгілі тарихшыларымен, сарапшыларымен кездесіп, сұхбат жаздық. Бұл тақырыпқа қатысты көптеген құжаттармен жұмыс жасап, есепсіз материалдарды оқып шықтық. Қыруар жұмысты атқарып болған соң, ресми түрде жариялаймын: Қазақстандағы саяси репрессияларға қатысты деректі фильм ДАЙЫН!
Фильм атауы: «Сталин қылмыстары: ұлт зиялыларын қалай қырды». Деректі жоба екі тілде — қазақ және орыс тілдерінде дайындалды. Бұл құр аударма емес, екі тілдегі екі бөлек фильм деуге болады!
Расында да, біздің қоғам сталиндік заманның үрейімен әлі де өмір сүруде, ал жазалау органдары «НКВД» түсініктері мен категорияларынан әлі де айыққан жоқ. Біз өзіміздің бойымыздан НКВД-ны, Сталин мен диктатураны аластамаған елміз. Бүгінгі проблемаларымыздың тамырын, бәлкім, сол кезеңдерден іздеуіміз керек те шығар. Деректі фильмде біз көптеген тарихи оқиғалар жайында сөз қозғаймыз. Тіпті сол кездегі тарихи эпизодтарды актерлардың ойыны арқылы тірілтеміз. Бұл жай ғана деректі фильм емес, актерлік ойыны бар деректі фильм болып шықты. Сондықтан бұл жоба көрермендердің барлық тобына да қызықты болады деп үміттенемін.
Деректі фильмнің тұсаукесер көрсетілімін өткізетін жерді ұзақ іздедік. Өкінішке қарай, бұрын «Зұлмат» фильмі көрсетілген «Арман» киноорталығында қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, белгілі киносыншы маман Олег Борецкидің қолдауымен біз «Цезарь» кинотеатрымен келісіп, көрсетілімді сол жерде жасайтын болдық!
«Сталин қылмыстары: ұлт зиялыларын қалай қырды» деректі фильмінің көрсетілімі «Цезарь» кинотеатрында (Назарбаев көшесі мен Гоголь көшелерінің қиылысы), 25 қыркүйек күні, сағат 19:00-де өтеді. Кіру тегін!
Келіңіздер! Жаңа деректі фильм туралы барлық достарыңыз бен туыстарыңызға айтыңыз! Тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі бұл да сіздің үлесіңіз!", - деп жазды фильм авторы Жанболат Мамай.
Жанболат Мамай бұған дейін ХХ ғасырда болған ашаршылық жылдары туралы "Зұлмат", қазақтың зиялылары құрған "Алаш" партиясы туралы "Егер Алаш Республикасы жеңгенде" атты деректі фильмдер түсірген.
Пікір қалдыру