"Екі басшының да қала атын ауыстыру, сөз аудару, термин жасаудан басқа жұмыстары жоқ па?!"

/image/2019/09/20/crop-9_20_940x981_mycollages.jpg

Аса қадірлі түк түсінбейтіндер!

"РЕПАТРИАНТ" деген термин бар. Мағынасы - "тарихи отанына оралушы" деген. Тарихи отанына қайтып оралған гректерді, немістерді, орыстарды, еврейлерді сол елдер қалай атайды, осы халықаралық терминді қалай қолданады - мен білмеймін. Ал қазақтар 1997 жылғы "Көші-қон туралы заңда" осы терминді (РЕПАТРИАНТ) "оралман" деп қазақшалады. Қазақстанға (тарихи отанына) оралған қазақ ҚР азаматы атанып, төлқұжатын алғанша ғана "оралман" (репатриант) болады. Қалай ҚР азаматы болып, қолына көк төлқұжат тиеді - бірден "оралман" статусынан айрылып, кәдімгі қазақстандық қазақтың біріне айналып шыға келеді. Рас, сонау 1958 жылы-ақ елге келген Қабдеш Жұмаділовтің өзін әлі күнге "қытай" деуден тыйылмайтындар осыдан бір жыл (бес жыл, он жыл, жиырма жыл) бұрын келіп, әлдеқашан ҚР азаматы болғандарды әлі де "оралман" дей беруі мүмкін (кімнің аузына қақпақ бола аламыз?). Бірақ "оралман" (репатриант) мәртебесінің шынайы мәні осы ғана, яғни уақытша статус. Тілімізге сіңісті боп, көз үйреніп, құлақ қалыптасып қалған сөз.


Ал егер "ОРАЛМАН" деген сөз ұнамаса, сол баяғы РЕПАТРИАНТты қайтарып алыңыздар! Өйткені "бауырлас" та, "қандас" та "ТАРИХИ ОТАНЫНА ОРАЛУШЫ" деген мәндегі терминнің жүгін көтере алмайды. Уақытша статус бола алмайды. "Бауырлас" - жалпылама ұғым: бауырлас халық та көп, бауырлас қалалар да бар. "Қандас" та сол - шеттен келген қазақ қандас та, осы ҚР-да туып-өскендер қандас емес пе сонда?) Оның үстіне "репатриантты" "ҚАНДАС" деп алсақ, тарихи отанына көшіп келуші қазақ тек ҚР азаматтығын алғанша ғана "қандас" (репатриант) болады да, көк төлқұжат қолына тие сала "қандас" болмай шыға ма?) Термин сөз деген мұндай бытықы-шытықы емес, айқын да анық болуы керек.


Шеттен келген ағайынның, жалпы көші-қон саласының шешілмей жатқан шаруасы шаш етектен. Соларға баса мән берудің орнына осындай "аса маңызды мемлекеттік мәселені" президент аузына салып жүрген кім екен? Осы елдегі екі басшының да қала атын ауыстыру, сөз аудару, термин жасаудан басқа жұмыстары жоқ па?!

 

Сәкен Сыбанбайдың Facebook парақшасынан алынды

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар