Биыл Жамбыл облысына – 80 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Әулиеата өңірі қалыптасу кезеңдерін артқа тастап, дамудың даңғыл жолына қадам басты. Әсіресе тәуелсіздік жылдарында жүзеге асырылған экономикалық реформалардың тигізген пайдасы орасан. Әрбір елдімекенде ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар. Мұның жарқын дәлелін Сарысу ауданының орталығы-Жаңатас қаласының даму әлеуетінен де айқын аңғаруға болады. Биыл кеншілер шаһары өзінің жартығасырлық белесін жарқын жетістіктермен еңсеріп отыр.
Өткенге шегініс жасасақ, Жаңатас қаласының тарихы сонау 1964 жылдан бастау алады. Ол кездегі шағын ғана Бүркітті қыстағы Сарысу ауданының осы күнгі Жайылма ауылына, сол кездегі Ленин ауылдық кеңесіне қарайтын болған. Сол жылы Бүркітті еңбекшілер депутаттарының поселкалық Кеңесінің сайлауы өткізіледі. Бүркітті поселкасы Ленин ауылдық кеңесінен алынып, Қаратау қалалық атқару комитетіне қаратылды. Оның басты себебі, Қаратау таулы аймағындағы ең ірі "Жаңатас" кеніші ашылып, оны өндірістік тұрғыдан игеру қарқын ала бастайды. Сол жылы Бүркіттіге Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы-Д.А.Қонаев, СОКП ОК хатшысы-П.Н. Демичев, КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасарлары-И.Т. Новиков, В.Э. Дымщиц, КСРО Министрлері-Л.А. Костандов, Н.В. Голдиндер келіп, жаңа ашылып жатқан "Жаңатас" кенішімен жан-жақты танысады. Міне, осы сәттен бастап қазыналы Қаратаудың екінші өмірі басталды деуге болады. Қазақстан үкіметі "Жаңатас" кеніші мен "Қаратаухимқұрылыс" тресінің жұмысшы, қызметкерлеріне 60 пайыздық, ал қалған кәсіпорын, мекеме, ұйымдарға 15 пайыздық үстеме коэфициент белгіледі. 1964 жылдың 20 сәуір күні "Қаратаухимқұрылыс" тресінің құрылыс басшысы-Роман Яковлевич Илле болашақ салынатын қаланың алғашқы қазығын салтанатты жағдайда қағады. Осы сәттен бастап құрылыс орасан қарқынмен жүре бастайды.
Сол 1964 жылдың 2 қарашасы күні "Жаңатас" кенішін өндірістік игеру кезеңі басталады. 1963 жылы Бүркіттіге жеткізілген темір жол станциясының платформасынан алғашқы кен артқан вагондар Жамбыл қаласындағы зауыттарға жөнелтіледі.
1965 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы бойынша Бүркітті атауы өзгертіліп, Жаңатас поселкасы атанады. Бұл кезде осы поселкада 2500-дей адам тұрған.
Жаңатас кенді алабы Бүкілодақтық құрылыс алаңы деп жарияланды. Поселка тұрғындары күннен күнге көбейе түсті. Бұрынғы Одақтың түкпір-түкпірінен жаңа құрылысқа мыңдаған адамдар ағылып келіп жатты. Қ.Сәтбаев атындағы мектеп, учаскелік ауруханасы ашылды. Міне, осылайша аз жылда-ақ аяғына нық тұрған қала кейін тоқсаныншы жылдардағы терең тоқыраудың ауыр зардабын тартты.
Дейтұрғанмен Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде Жаңатас қаласы етек-жеңін жиып, еңсесін қайта тіктеді. Әсіресе, моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасының тигізген пайдасы зор. Қазіргі таңда шағын шаһардағы үйлер қайта қалпына келтіріліп, тұрғындар игілігіне берілуде. Жаңа нысандар ашылып, жұмыс орындарының да қатары көбейіп келеді.
Кәсіпкерлікке бет бұрған саны артуда. Олардың сапында жастар да аз емес. Мұның бәрі де баянды бастамалар мен жарқын жобалардың жемісі екендігі даусыз.
Пікір қалдыру