Биыл жартығасырлық белесіне аяқ бастан Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының тарихында айрықша сәттер өте көп. Мысалы, 1968 жылы Жаңатасқа ұлтымыздың біртуар перзенті, республикамыздың бірінші басшысы-Дінмұханбет Қонаевтың келіп, көптеген түйінді мәселелердің жедел шешілуіне пәрменді ықпал жасауы көнекөз қариялардың күні бүгінгідей көз алдында.
Сөйтіп келер жылы, яғни 1969 жылы 25 маусымда Жаңатас поселкасына қала статусы берілгендігі жөнінде Жарлық шықты. Бұл кезде қала халқының саны-12 000 ға жеткен еді.
Алға қарай қарышты дамыған "Қаратау" комбинаты, көптеген құрылыс мекемелері жас қаланың қанат жаюына үлкен ықпал етті. Жаңа аурухана, 8 мектеп, 26 балабақша, кинотеатр, мәдениет үйі, байланыс үйі секілді нысандар ел игілігі үшін қызмет етті. 1971 жылы «Қаратау» комбинаты үздік жетістіктері үшін Ленин орденімен марапатталып, көптеген кеншілер орден, медаль алды.
1989 жылы қала халқының саны 57 мыңға жетті. Сол жылы Жаңатас қаласы жетістіктерге жеткені үшін республика бойынша бірінші орынды иеленіп, ауыспалы Қызыл Ту мен үлкен ақшалай сыйлыққа ие болды.
Тоқсаныншы жылдардың басынан басталған тоқырау шарпыны қаламызға ауыр әсер етті. Алып Одақтың ыдырауы елімізге оңай тиген жоқ. Қаланы ұстап тұрған комбинаттың өнімі күрт төмендеді.
Жалақылар айлап берілмеді. Кеншілер ереуілі, аштық жариялау секілді наразылықтар етек алды. Республикалық деңгейдегі басшылар қалаға бірнеше рет келді. Күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешу жоғары басшылыққа біраз салмақ салды.
Мұның барлығы халыққа оңай тиген жоқ. Қала тұрғындарының басым көпшілігі өзге аймақтарға қоныс аударды. 2000 жылы Жаңатас қаласында 16100-дей ғана халық қалды. Көп қабатты үйлердің басым көпшілігі босап қалды. Десек те, уақыт өте келе республика басшылығы тарапынан қолдау көрсетіле бастады. Қаланың алғашқы әкімі-Итен Әлімтаев, одан кейін келген аудан басшылары, көрнекті өндіріс ұйымдастырушылары ауданның экономикалық-әлеуметтік мәселелерін шешуге бар күш-жігер, қайраттарын жұмсады.
Соның нәтижесінде жалпы хал-ақуал оңға басты. Кәсіпкерлік сала өріс ала бастады. Босап қалған көпқабатты үйлер қайта жөндеуден өтіп, кезекте тұрған азаматтарға берілді. Қала ішін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүрді. Жабылған балабақшалардың біразы бүлдіршіндерге есігін қайта ашты. Жылу жүйелері күрделі жөндеуден өтті.
Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз еңселеніп, әлемдік аренада еркін көріне бастады. Осынау алып еліміздің бір бөлшегі Сарысу ауданы да, оның орталығы Жаңатас та қазіргі таңда үлкен даму жолында. Шетелдік инвесторлар келе бастады. Бүгінде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «Еврохим» компанияларының іске асырып жатқан инвестициялық жобалары әлеуметтің әлеуетін арттырып қана қоймай, тұтас аймақтың экономикалық тұрғыдан өрлеуіне өріс ашып отыр. Бұдан өзге де ауыз толтырып айтуға тұрарлық жемісті жұмыстар жетерлік. Әсіресе, моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылға
дейінгі бағдарламасының нәтижесінде тірлігін тіктеп жатқан кәсіпкерлердің де бастамалары көпке үлгі. Бұл, әрине, ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы мақсаттар да айқын.
Пікір қалдыру