Елбасының «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары облыстың мәдениет саласының дамуына тың серпін берді.Ағымдағы жылы облыс әкімінің қолдауымен 6 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың айтуынша Елбасының бағдарламалық мақалалары мәдениет саласын ілгерілету ісіне серпін берген.
–Биыл мәдениет саласында 6 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде осы күнге дейін бірқатар жобаларды жоғары деңгейде атқарып шықтық. Атап айтар болсақ, «Жамбыл – менің жай атым, халық менің –шын атым» республикалық ақындар айтысы жаңа сипатта жалғасын тапты. Республикалық айтыста өңір намысын қорғайтын ақындар ауылдық, аудандық іріктеуден өткізілді. Бұл жыр додасына қатысқан 31 ақын облыстық айтысқа жолдама алды. Облыстық айтыста өзгелерден оза шапқан 8 айтыскер өңір намысын сөз сайысында жоғары деңгейде қорғай білді,–деді басқарма басшысы.
Өз сөзінде Дүйсенәлі Дыбысалыұлы «Әулиеата бояулары», «Көне Тараз күмбірі» жобаларының нәтижелігін тілге тиек етті.
–«Әулиеата бояулары» бірінші халық шығармашылық фестивалінде 300 суретші мен фототілшінің альбомдары сараланды. Ең үздік 80 жұмыс «Шахристан» мәдени-тарихи орталығындағы көрме залына қойылады. «Көне Тараз күмбірі» жаңа жобаның облыстық іріктеуі өткізілді. Іріктеуден үздік шыққан 6 фольклорлық ансамбль республикалық кезеңде бақ сынады. Аталған өнер ұжымдарына қазірдің өзінде Бразилия, Малайзия мемлекеттері арнайы шақырту жасады,–дейді басқарма басшысы.
Елбасының қоғам санасын рухани жаңғырту, қоғам санасына сілкініс әкелуді мақсат еткен мақалаларынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда мәдениет саласына зор жауапкершілік артылған. Дәл осы сенімнің үдесінен шығуда Жамбылдағы мәдениет саласында «Ғибратты өнер керуені», «Талас толқындары», «Тараз симфониясы» фестивальдері ұйымдастырылған. Ал облыстың 80 жылдық мерейтойына орай «Тараз мұралары» сериясымен көп томдық кітаптар баспаға әзірленуде. Аталған көп томдықты мәліметтермен толықтыру жұмыстарына «Тарихи танымдық ғылыми-зерттеу», «Халық шығармашылығы» топтары жұмыс жасап жатыр.
Пікір қалдыру