Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту-еліміздің стратегиялық мақсаттарының бірі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да бизнестің алға басуы үшін нақты міндеттерді айқындап берді. Бұл бағытта Жамбыл облысында да жарқын жобалар жүзеге асатын болады. Соның ішінде қосалқы шаруашылықтарды дамыту пилоттық жобасының берері мол болмақ.
Аталмыш жоба ауқымы және қаржы мәселесі ескеріле отырып, биыл әр ауданнан бір ауылдық округта бастау алмақ. Сонда жалпы саны 10 ауылдық округ 23 елді-мекен қамтылады. Бұл мақсатқа 7,2 миллиард теңге қажет.
Ал екінші кезеңде, яғни 2020-21 жылдары қалған 143 ауылдық округке 39,2 миллиард теңге қажет болады.
Бірінші кезеңде 42 мың адамды құрайтын 7 мың аула қамтылады. Нәтижесінде келесі жылдың қорытындысымен қосалқы шаруашылықтан түсетін орташа айылық табыс 41 мыңнан теңгеден 104 мың дейін өспек, арғы жылдары табыс бұданда артатын болады.
Айта кету керек, жобаның бірінші бағыты үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануға негізделіп отыр. Қазіргі таңда 10 пилоттық округтердегі 7 мыңнан астам аулада 1117 гектар үй іргесіндегі жерлер бар. Олардың 853 гектары әр түрлі деңгейде пайдалануда (76%), соның ішінде 157 гектарына (19%) өнімділігі өте төмен жоңышқа егілген. Ал 264 гектар немесе 24 пайызы игерілмей жатыр.
Бұған қоса қолданыстағы жердің де өнімділігі өте төмен. Себебі, сапалы тұқым, тыңайтқыштар мен пестицидтер қолданылмайды және өнім бір-ақ рет алынады.
Жоба аясында кооператив есебінен тиімді дақылдардың сапалы тұқымымен, пестицидтер және тыңайтқыштармен қамтамасыз етіледі. Және дақылдар екі айналымда егілетін болады. Бұның бәрі әр ауылдық округтың табиғаты, жері, суы ескеріле отырып саналды.
Ол үшін 298 тонна тұқым, 715 мың көшет, 3,7 тонна пестицид, 164 тонна тыңайтқыш сатып алынады. Бастама ретінде 76 отбасылық жылыжай салынады және сумен қамтуға қатысты жұмыстар жүргізіледі. Технологияны сақтау үшін ауылдық округтер агрономмен қамтылады.
Нәтижесінде өнімділік 2 есеге, өнім көлемі 3 есеге артатын болады. Сәтін салса, бұл жоба талай отбасының табысын арттырып, ырысын молайтпақ.
Пікір қалдыру