Зейнеткерлердің хәлі қылмыскерлерден мүшкіл (видео)

/image/2019/10/03/crop-3_0_372x496_mycollages-2.jpg

Елімізде зейнеткерлер мен өмір бойына жазасын өтеушілер бірдей қаражатқа өмір сүруде. Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері 85 мың теңге. Ал Үкімет ауыр қылмыс жасап, жазаға тартылғандарды осынша сомаға асырап отыр.  Еркіндіктен бағалы ештеңе жоқ десек те, 36 мың зейнетақы алып жүргендердің жайы қазір қамаудағылардан мүшкіл болып тұр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегін негізге алып.  

2 854 теңге. Елімізде өмір бойына сотталғандарға күн сайын осынша қаржы бөлінеді. Бұл сомаға қылмыскер тамақтанады, ауырып қалса, емін алады, киім-кешегі мен тұрмыстық қажеттілігі тағы бар. Яғни ауыр қылмыс жасап, түрмеге қамалған жазасын өтеушіні асырауға үкімет ай сайын 85 620 теңге бөледі. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті келтірген ақпаратқа сүйенсек, өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандықтардың саны бүгінде 150 адам екен. Демек, мемлекет жыл сайын оларға 156 миллион қаражат бөліп отыр.

— Теңеу мүмкін жақсы сипатта көрінбесе де, бұл жерде айтылатын бір ақ шындық. Зейнетақы аламын деп зейнеткерлікке шығып жатқандардың бір жылына татымайды.бұл қай жағынан алып қарағанда да жаңсақ. Бұрынғы дәуірді қанша жамандасақ та, ол кезде тиісті еңбегіне қарай ақша алатын еді, - дейді экономист Исатай Қамбаров. 

Ал, еліміздегі зейнетақының орташа мөлшері — 85 755 теңге. Жазасын өтеушіні ұстауға жұмсалатын қаражатпен бірдей. Ал ең төменгі зейнетақы...

— Елімізде ең төменгі зейнетақы мөлшері 36 000 теңге. Базалықпен қоса есептегенде 54 мың теңгені құрайды, - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. 

Қағыс естіген жоқсыз. Бейнетінің зейнетін көретін жасқа жеткенде қарттарымыз небары 36 мың теңгеге жан бағуға мәжбүр. Алып отырғаны шайлығынан артылмаса да, олар биліктен күдер үзбек емес.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмаймыз деп отыр. 2020 жылдан бастап зейнетақы мөлшері артады деген уәдесін берді. Қаншалықты қарық қылатыны әзірге белгісіз. Онымен бірге түрмедегілерге де бөлінетін қаржы өсе бермек.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар