Солтүстік Қазақстан облысында туляремия жұқпасының табиғи ошағы анықталды. Кемірушілер мен қансорғыш жәндіктерден адамға жұғатын дерт – көз, өкпе, тері, асқазан-ішек жолдары және басқа да мүшелерді зақымдайды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy тілшісінің дерегіне сүйеніп.
Солтүстік Қазақстан облысында туляремия ауруының табиғи ошақтары бар. Жамбыл ауданының Тройцкое ауылының маңында көлемі 800 гектар жерді құрайтын тағы бір аймақ анықталды. Ол әсіресе жақын маңда тұрып жатқан елді мекен тұрғындары үшін қауіпті. Кеміргіштер тобына жататын жануарлар мен кене, қансорғыш жәндіктердің санының көбеюі ауру жұқтыру ықтималдылығын күшейте түседі. Қауіпті аймақта мамандар екі кезеңмен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген.
«Туляремия – қауіпті індет. Оны жұқтыру жолына қарай көз, өкпе, тері, асқазан-ішек жолдары, лимфа түйіндерінің және басқа мүшелер зақымдалуы мүмкін. Адам қалтырап, дене қызуы көтеріліп, 40°-қа дейін жетеді. Инкубациялық кезең 20 күнге дейін жалғасады. Одан сақтанудың жолы – екпе жасату және табиғат аясына шыққанда, бау-бақшада жұмыс істегенде қауіпсіздік шараларын ұстану. Орманға баратын адамдарға әр 10-15 минут сайын киімдерін тексеріп, кененің жоқтығына көз жеткізуге кеңес беремін», - дейді «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК «СҚО бойынша дезинфекция орталығы» филиалының директоры Петр Петушко
Пікір қалдыру