Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұған дейін қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту туралы меже қойған болатын. Маңызды міндет өз өзектілігін жойған жоқ. Осы орайда барлық елді мекендерде жаңа спорт алаңдары бой көтеріп, шеберлікті шыңдауға бағытталған жарыстардың қатары артуда. Бұл әрине, құптарлық қадам. Өйткені, дана халқымыздың «Шынықсаң шымыр боласың» деген мәтелінде айтылғандай бұқаралық спортпен айналысқан адамның жаны таза, тәні сұлу болып болып қалыптасатындығы белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгінде спорт саласын дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Президент отандастарымызды сөзбен жігерлендіріп қана қоймай, теннис ойынын жетік меңгерген тұлға ретінде көпке үлгі көрсете білуде. Сонымен қатар спорт саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған тың тапсырмалар жүктеуде.
Бүгінде Елбасы мен Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер Жамбыл облысында да өз жемісін беріп отыр. Бұл тұұрғыда Әулиеата өңіріндегі әрбір ауданда да жарқын мысалдар жетерлік. Сол қатарда Қордай ауданы да алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Қазіргі таңда Қордай ауданы бойынша 308 спорт нысандары бар. Оның ішінде 1 стадион, 2 спорт кешені халыққа қызмет көрсетуде. Спорт кешендерінің біреуі жеке меншікте болғанымен көпшілік үшін қолжетімді. Сонымен қатар 53 спорт зал, 19 футбол алаңы, 225 спорт алаңшалары, 2 жүзу бассейн және 6 атқыштар тирі жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде аймақта бұқаралық спортпен айналысатындардың саны едәуір артып отыр. Кейінгі мәліметтерге қарағанда ауданда спортпен шұғылданушылардың саны 29,9 пайызды немесе 43150 адамды құрады.
Ағымдағы жылы демеушілердің көмегімен 7 ауылдық округтерінде 10 "стритваркаут" алаңшалары ашылды. Олар Қордай-3, Масанчи, Степное, Ноғайбай, Қарасу, Алға, Беткайнар, Сортөбе ауылдарында орналасқан. Бекітілген межеге сәйкес, жоспардағы 13 спорт алаңшалардың 3-уін жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Бұл алаңшалар Сұлутөр, Үлкен-Сұлутөр және Сарыбұлақ ауылдарында пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ, халық тығыз орналасқан Қордай, Отар және Бетқайнар ауылдарына спорт кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге «Спорт объектілерін дамыту» бағдарламасы бойынша 11,2 миллион теңге қарастырылды. Жалпы келісімдерде 4 индикатор жоспарланып, барлық индикатор орындалуда.
Пікір қалдыру