Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазсушар» кәсіпорнының Байзақ ауданындағы «Байзақ» өндірістік бөлімшесі өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы 32 553 гектар егіс алқабына су жеткізуді ұйымдастырады. Бүгінде суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру бағдарламасы аясында аудандағы 14 098 гектар аумақтағы болатын 72 нысанда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жалпы «Байзақ» өндірістік бөлімшесінің теңгерімінде «Темірбек» және «Талас» су торабы бар. Олардың еншісіне 648,707 шақырымды құрайтын 105 дана канал және 8 коллекторлық дренаж жүйесі тиесілі. Өндірістік бөлімшеде 45 маман қызмет атқарады. Су шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру да жіті назарда.
–Бұдан өзге өткен жылы 14,412 гектар жерге келісім-шарт жасалып, 78,158 миллион текше метр су берілсе жыл басынан бері 18,456 гектар жерге келісім-шарт жасалып, 112,626 миллион текше метр су берілді, – дейді «Қазсушар» облыстық филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев .
Жамбыл филиалының басшылығының тапсырмасымен жалпы құны 63,9 миллион теңгеге ұзындығы 85 шақырым болатын 10 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Дәл осы тазалық жұмыстарынан соң аталған каналдар арқылы өткен жылы 1304 гектар жер суарылды. Жыл басынан бері бұл су жүйелері арқылы 2707 гектар жер суарылған. Негізінен аудан аумағындағы су нысандарының басым бөлігі техникалық әлеуеті сын көтермейді. Тіпті 40-50 жылдай жөндей жұмыстары жүргізілмеген әрі тазаланбаған канал жүйелері де бар.
Бүгінде облыс аумағында суармалы егістік алқаптарын ұлғайту жұмыстар қолға алынуда. Соның нәтижесінде алдағы 2 жылда кезінде түрлі себептермен жайылымдық жерлердің санатына жатқызылып кеткен 175,5 мың гектар қайтадан егіс алқаптарына айналмақ. Бұл мақсатта облыс әкімінің тікелей бастамасымен құрылған механикаландырылған жасақтың да мүмкіндігі молынан пайдалануда. Күні бүгінге дейін «Талас Аса» мекемесі жанынан құрылған механикалық отряд көмегімен облыс аумағындағы жалпы ұзындығы 41,6 шақырымды құрайтын 7 канал мен 3 су қоймасына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде, бұл су жүйелері өңірдегі суармалы жер көлемін 1404 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Пікір қалдыру