"Алашұлында" өкпе жоқ, бауыр бар"

/image/2019/10/08/crop-23_8_588x1045_110621164300.jpg

Үндістан, Дубай, Түркия, Қытай мемлекеттерінде ұлттың намысын ту етіп жүрген "Алашұлы" тобында елеулі өзгерістер орын алды.  Ол туралы БАҚ өкілдеріне арналған шарада топтың продюсері Назгүл Қарабалина мәлімдеді.

Продюсер: "Біздің топта үлкен өзгеріс –  "Алашұлы" тобының тағы бір мүшесі Әзімбет Байлиннің топтан кетіп, орнына Берік Атахановтың келуі. Берік – Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Қазіргі таңда "АСТАНА МЮЗИКЛ" мемлекеттік театрында қызмет етеді. Осы сәттен бастап "Алашұлы" тобының мүшесі.

Біздің топ үлкен масштабты концерттерде, мемлекеттік шараларда өнер көрсетеді. Жігіттерге о бастан жеке шығармашылығымен айналысуына рұқсат берілді. Қазір де  солай. Алайда топтың өзіндік ұстанымы мен  бағыт-бағдары,  форматы бар.  Сол форматтан тыс Әзімбек те әндер жазып жатты. Одан өзге тойдағы жеке тапсырыстарының көптігінен  топтың концерттеріне қатысуына кедергілер болды. Өзара ақылдаса  келісіп, біз оның жеке әнші ретінде бөлек шығуына рұқсат бердік. Топтан кеткен әр солистке үлкен рақметімізді айтқымыз келеді. Жолдарыңыз болсын, жігіттер!  Міне, төрт көзіміз түгел тұр. Ешкімнің артынан әңгіме айтпаймыз.

огн

Ал Әзімбектің топтан кетуінің нақты нүктесін қойсақ, біздің өзарамызда  кигілжің жоқ, татумыз. Бар болғаны творчестволық бағыт-бағдардың әрі қарай бірге ұстана алмауымыз" – деп сөзін сабақтай келе, топтың жаңа солисті Беріктің қатысуымен түсірілген "Биіктік" атты бейнебаянды көпшілік назарына ұсынды.

Өнер әлемінде әрдайым биікке ұмтылған жігіттер әннің атауын да "Биіктік" деуді жөн көреді. Түісірілім ауа райының қолайсыздығына қарамастан  2 күн бойы он жақты адамның бірлесуімен Алматы қаласындағы биік тау шыңында түсірілген.  Мотивациялық бағыттағы жаңа туындының сазын Алтынбек Иманбетов, сөзін Ринат Зайытов жазған. Топ мүшелеріне сөзіне мән берсек, "жаңа туынды биіктікке жол салады".

"Алашұлы" тобының құрылған сәтінен келе жатқан мүшесі Мақсат Рақметтен топтағы өзгеріс туралы пікірін білген едік.

–  Расында  өзгерістер бәріміз үшін қиынға соқты. 2 жыл бұрын арамыздан Ұшқын кеткен сәтте де абдырап қалдық. Жігіттердің топ үшін жасаған еңбегі орасан. Олардың еңбегі болмаса,  "Алашұлы" қазіргі жетіп отырған жетістігіне жетер ме еді?!  Соңғы оқиғаға келсек, Әзімбектің топтан кетуіне негізгі себеп – шығармашылық көзқарастың тоғыспауы.

Біздің топттың әр мүшесі адамдықты биік қояды. Реніштен бұрын бауырмашылдығымыз маңызды. Біздің ата-аналарымыз, балаларымыз бір-бірімен етене араласады. "Алашұлында" өкпе жоқ, бауыр бар. Шығармашылықтың тоғыспауы кез келген топта, ұжымда болады. Онда тұрған еш әбестік жоқ. Он жылдық тарихы бар тобымызда осындай жағдайдың орын алуы көрермен үшін өкінішті. Дегенменде біз бір сілкініп, қайта тұруымыз керек. 

Жігіттер топтан кеткенімен,  бір-біріміз үшін әрдайым жанашыр жанбыз. Оған мысал, "Әзім топтан кетті" деген хабарды естіп, Ұшқын хабарласып: "Алашұлының" абыройы –  бәріміздің абыройымыз" – деп рух берді.

Шара барысында бесеудің атын атап айтсақ, топтың экс-солистері Ұшқын Жамалбек пен Әзімбек Байлин, қазіргі мүшелері Мақсат Рахмет,  Ерзат Рамазанов, Берік Атахановтың бір сахнада ізгі ниеттерін білдіргендігі жүрекке жылу ұялатты. Қазақ эстрадасында топта өзгерістер орын алса, соңы айқай шуға ұласып кететін еді. Ал "Алашұлының"  әрекеті өзгеге үлгі болды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар