Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Мохнатка тауының баурайында өткен экологиялық акцияны бастап берді. Мұнда қылқан жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылды.
Өздеріңізге белгілі, 2011 жылы қатты дауылдың нәтижесінде Мохнатка тауындағы 480 гектар аумақта жүздеген мың ағаш құлаған еді. Жыл сайын мұнда табиғи ағаштар мен бұталардың көшеттері отырғызылады. Ал бүгінгі акция аясында Шренка шыршасының 50 мыңға жуық көшеті отырғызылды.
Бұл шараның маңыздылығына тоқталған Бақытжан Сағынтаев аталған акцияның қала экологиясын жақсарту мен табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін қажет екендігін атап өтті.
«Жас шыбықтарды отырғызу арқылы біз табиғатты құрметтеуге үйренеміз. Жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, қоршаған ортаны аялауға баулимыз», – деді әкім.
Оның айтуынша, кез-келген алматылық өз ауласында немесе қалалық саябақта бір ағаш отырғызу арқылы қалаға деген сүйіспеншілігі мен құрметін көрсете алады. Бүгін акцияға 500-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде мәдениет қайраткерлері, студенттер, еріктілер және Іле Алатауы ұлттық паркінің қызметкерлері бар. Бұған дейін қала әкімінің тапсырмасы бойынша Алматыны көгалдандыру бойынша ауқымды жоба жасалған болатын. Соған сәйкес үш жылдың ішінде миллион ағаш отырғызу жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, қалада 2 миллионнан астам ағаш бар. Бірақ 500 мыңға жуығы апаттық немесе ауру ағаштар. Жаңа Алматыны, оның ішінде Алатау және Наурызбай аудандарындағы ықшамаудандарды көгалдандыруға ерекше назар аударылмақ.
Пікір қалдыру