Сенаттың бүгінгі отырысында депутат Дана Нұржігіт ауыл шаруашылығы саласындағы кредиттер жайында айта келе, халықтың ол ақшаны "құдайы беріп, құда шақыруға" жұмсайтынын айтқан еді.
Сенатор Әли Бектаев Дана Нұржігітке ескерту жасап, ауыл халқына басқаша қарауға кеңес берді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Негізі, мен сөйлеймін деген ойым да болған жоқ еді. Бірақ бүгін қойылған біраз сұрақ пен жауап түрткі болып отыр. Біріншіден, айтайын дегенім, ауылдың тұрғындарына сауаты төмен, қаржыны қалай болса, солай жұмсайтын халықтың бір бөлігі деп қарауды қою керек. Құдайға шүкір, қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының сауаты да жақсы, алып жатқан қаржысын да өндіріске жұмсап жатыр. Ауылдың малы да, жаны да өсіп жатыр. Алып жатқан қаржысы шетке кетіп жатқан жоқ", – деді Бектаев.
Осы орайда сенатор өзінің әріптесі Дана Нұржігіттің пікірімен келіспейтінін жеткізді.
"Мүмкін, жаңағыдай құдалыққа, болмаса, құдайыға жұмсалып жатқан жағдайлар бар шығар. Бірақ ондай жағдайлар қалада да бар. Қаланың адамдары да несие алып, басқа мақсатқа жұмсап жатыр. Ондай жағдайлар өте көп. Ол мәселелермен қаржы институттары, болмаса, қаржы органдары жұмыс жасауы керек. Оның басын ашып, керек адамдарды жауапқа тартсын. Ал, енді, ауылдың тұрғындары осындай деп, баға беруге болмайды деп есептеймін", – деді Бектаев.
Депутат ауыл тұрғындарын қолдаудың екі жолы бар екенін айтты. Біріншісі, ол – субсидия, екіншісі – жеңілдетілген несиелер.
"Жеңілдетілген несие беру саласында да шешілмеген проблемалар көп. Мысалы, ауыл тұрғындарының алып жатқан несиесіне қойылатын пайыздық ставкалар өте жоғары деп есептейміз. Ауыл тұрғындары осы қаржы институттары бюджеттен ол қаржыны 0,01 пайызбен алады да, неге бізге 7 пайызбен береді деп сұрайды. Бүгінде бізде осы сұрақтарға жауап жоқ. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Бірақ қаржы органдары түрлі себептермен алдаусыратып келеді", – деп атап көрсетті Бектаев.
Пікір қалдыру