Адами капиталды дамыту-мемлекет алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында білім беру саласындағы бағыттарды бағдарлап, Ұлт Көшбасшысының сара жолын лайықты жалғастыратындығын айтты. Осы орайда өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаздарға жүктелер жауапкершілік жоғары.
Дейтұрғанмен педагогтар да еселі еңбегімен сенім үдесінен шығып жүр. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында мысал ретінде айтар жетістіктер жетерлік. Әрине, «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, мұғалімдер мерейі шәкірттерінің жетіктігімен еселене түсетіндігі айтпаса да түсінікті. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, ағымдағы жылы облыс бойынша мектеп бітірген 8813 түлектің 317-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, ал 242 оқушы «Үздік» аттестатқа ие болған. Ал, ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3 баллға өссе, биылғы түлектердің 75,5 пайызы жоғары оқу орындарына түскен.
Сонымен қатар есепті мерзімде республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында облыс оқушылары барлығы 132 медальға ие болыпты. Сондай-ақ, 10 мектеп түрлі пәндер бойынша республикадағы «100 үздік мектеп» қатарына енгендігі де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бірі. Ол ғана емес, өңірдегі 1232 педагог республикалық, халықаралық байқаулар мен қашықтық олимпиадаларында, тағы 4 ұстаз «Үздік педагог – 2019» республикалық конкурсының жеңімпазы атанған.
Бүгінде ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандум, облыс әкімі және облыстың аудандары мен Тараз қаласының әкімдері арасындағы келісімдердегі межелі көрсеткіштер мен ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы басты назарда. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар жалғасын табуда.
Білім сапасын бақылау, бағалау жүйесін жетілдіре түсу, облыс мектептерінің рейтингілерін құрудағы талаптарды күшейте отырып, төмен көрсеткіштерді көтеру, мектеп инспекторларының жұмыс жүйесі, оқушылардың тиісті санаттарын тегін ыстық тамақпен, киім-кешек және тасымалмен қамту сынды міндеттер аясында да тындырымды тірліктер атқарылуда.
Пікір қалдыру