Жыл басынан бері жамбылдық оқушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында 132 медальға ие болды. Нәтижесінде өңірдегі 10 мектеп республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына енді. Дарынды оқушылармен бірге облыс ұстаздарының білім сайыстарында қол жеткізген толайым табыстары да бір төбе, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Өткен оқу жылында жамбылдық оқушылардың республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында олжалаған жалпы медаль жиынтығы 132 дана болса оның 28-і алтын медаль. Қалған 35-і күміс, 69-ы қоланы құрайды. Сондай-ақ биыл мектеп бітірген 8813 түлектің 317-і «Алтын белгі» төс белгісіне ие болса, 242 оқушы «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Мектепті тәмамдаған түлектердің 75,5 пайызы жоғары оқу орындарына түскен. Осынау мол жетістіктерге қол жеткізген жамбылдық оқушылар республикалық «Ұлттық мектеп лигасында» жалпы командалық есепте І орынға ие болған.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, олардың талантын танып жүрген жамбылдық ұстаздар да жетістіктерден құр алақан емес. Өткен оқу жылында облыс мектептерінде сабақ беретін 1232 педагог республикалық, халықаралық байқаулар мен қашықтық олимпиадаларында үздік шықты. Сонымен қатар жақында ғана «Үздік педагог – 2019» республикалық конкурсынан 4 жамбылдық ұстаз жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айгүл Қалмаханова, Байзақ ауданы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Бақыт Күдериева, Ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған "Дарын" мектеп-интернатының математика пәні мұғалімі Мұхтар Талқанбаев, Құлан агротехникалық колледжінің ветеринарлық оқытушысы Еркебұлан Ертаевтар үздік ұстаздардың тізімінен табылды.
Ал жақында 5 жамбылдық ұстазға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатына ие болды. Бұл мәртебелі марапат салаға 30 жылдан астам еңбек сіңірген білікті педагогтерге бұйырды.
Таяу болашақта мемлекет басшының Қазақстан халқына жолдауына сай ауыл мектебі мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жою арқылы ауылдық өрендердің де білім бәсінде жоғары жетістіктерге қол жеткізеді.
Пікір қалдыру