Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында экономиканы өркендетудің бірден-бір тетігі ретінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша назар аударғаны белгілі. Бұл тұрғыда тиімділікке басымдық берілмек.
Осы орайда Жамбыл облысында аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған пилоттық жоба жүзеге аспақ. Бұл бастаманы Асқар Исабекұлы жуырда ғана Үкімет мүшелеріне таныстырып, тиімділігін дәлелдеп берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда Жамбыл облысында кәсіпкерлерге кең көлемде қолдау көрсетілуде. Бұл қатарда қамтарымсыз гранттар да тағайындалуда.
Күні кеше Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды – инновациялық дамыту басқармасы «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін өткізілген мемлекеттік гранттық қаржыландыру бойынша жалпы конкурстың нәтижесін хабарлады.
Конкурсқа қатысу үшін барлығы 46 өтінім, оның ішінде 3 жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтардан түсті. Тараз қаласынан – 27 жоба, оның ішінде 2 мүмкіндігі шектеулі азаматтар, Сарысу ауданынан – 12 жоба, Жуалы ауданынан – 2 жоба, оның ішінде 1 мүмкіндігі шектеулі азамат, Байзақ ауданынан – 2 жоба, Т.Рысқұлов ауданынан – 1 жоба, Шу ауданынан – 1 жоба, Мойынқұм ауданынан – 1 жоба қаралды. Конкурстық комиссияның 1 отырысы өтіп, олардың нәтижесі бойынша комиссия мүшелері әр жобаны жеке – жеке тыңдап, шешімдерін хаттамаларға қол қою рәсімі арқылы рәсімдеді. Комиссия мүшелерінің шешімі бойынша 6 кәсіпкер 12,5 млн.теңгеге грант иегерлері атанды.
Тараз қаласынан 10,5 млн.теңгеге 5 жоба мақұлданды, ашылатын жұмыс орындарының саны 12 және Мойынқұм ауданынан 2 млн.теңгеге 1 жоба мақұлданып, 3 жұмыс орыны ашылатыны белгілі болды. Қазіргі таңда жалпы конкурстан жеңімпаз атанған кәсіпкерлерге конкурстық комиссияның шешімі туралы хабарламаларды жолдау жұмыстары аяқталып, бағдарламаның үйлестірушісі қаржы агенттігі және шағын кәсіпкерлік субьектісі арасында грант беру туралы шарттар рәсімделуде.
Пікір қалдыру