«Мойныңдағы тұмарыңдай табиғат, тозса егер тозатының ақиқат» дейді қазақ даналығы. Расында қоршаған ортаны күтіп ұстап, қорғау баршамыздың азаматтық парызымыз. Жамбыл облысында бұл үрдіс байырдан сақталып келеді. Одан бөлек аудандар да Табиғат Ананың төл тумаларын аялауда көпке үлгі болуда, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Жалпы дәстүрге айналған республикалық тал егу акциясына Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылы да белсене қатысып келеді. Акцияның негізгі мақсаты - туған өлкені көркейту, яғни жасыл желекке айналдыру. Туған өлкені жасыл желекке айналдыру мақсатында "Биназар батыр" ескерткішінің айналасына ағаш егіліп, акцияға Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Шалқарбеков Архат Жеңісұлы қатысып, игі істің басы-қасынан табылды.
Шараға белсенді қатысқан Шалқарбеков Архат Жеңісұлы: " Егер әрбір азамат елді мекендерді тазарту және ағаш отырғызу жұмыстарына қатысатын болса, онда әр ауыл, аудан және еліміз көркейе түсер еді. Ауылдың жасыл желекке айналуы - ел мерейі. Игі істеріңізге сәттілік тілеймін"-деп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ шараға Бірлік ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қ.Оспанов, ақсақалдар алқасының мүшесі А.Ашимов, жергілікті қауымдастық қоғамының төрағасы Р.Жетібаева да қатысты. Қоршаған ортаның жақсаруына және ауылымыздың көркеюіне ауыл әкімшілігі, "Желтоқсан" мәдениет үйі, Қ.Рысқұлбеков орта мектебі, "Ақбөпе" балабақшасы, ауыл ауруханасы және "Көктерек ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" мекемелері де ұйымшылдық танытып, белсене атсалысты.
Естеріңізге сала кетейік, осы күні облыс басшысы Асқар Мырзахметовте аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы жұмыс сапар кезінде тал отырғызды. Жалпы шараға 18466 адам қатысса, олар 18880 көшет отырғызды. Оның ішінде, қарағай, шырша, қарағаш, арша, терек, емен, шетен, айлант секілді ағаш түрлері бар. Ал мойынқұмдық жастар мен қызметкерлер «Жаз Ата», «Жасыл ел» саябақтарына тал егіп, шараға қарқынды үлес қосты. Аталған акция аясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов және Мойынқұм ауданы әкімі Мәден Мұсаев туя, емен, терек ағаштарын отырғызып, игі істің маңыздылығын туралы тоқталып өтті.
Пікір қалдыру