Құрылыс – экономикадағы негізгі секторлардың бірі. Белгіленген мерзімде, бекітілген талапқа сай табысты аяқталған құрылыс қай тұрғыдан болсын халықтың көңілінен шығып, олардың мемлекеттегі саяси жүйеге деген сенімін нығайта түседі. Керісінше басынан дауы арылмай, ұзақ уақыт созылған құрылыс нысандары сенімсіздік туындата бастайды. Осы орайда Жамбыл облысында заңсыз, негізгі құжаттарсыз, сапасыз құрылыстың жолын кесу бағытында нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен әзірленген іс-шаралар жоспарына сай жүргізіліп келеді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аталған іс-шаралар жоспары 3 негізгі мәселені қамтиды. Яғни басқарма мамандары ең әуелі құрылыс жүретін жерге құқықты иеленбей құрылыс жүргізу фактісін анықтап, оларға қарсы шара қолдануды құп көріп отыр. Есепті кезеңде Тараз қаласы мен Байзақ ауданында мұндай 3 іс тіркеліп, нысан иелеріне құрылысты жүргізу қағидаттарына көз жұма қарағаны үшін 166 650 теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге негізгі құжаттарсыз құрылыс жүргізушілердің ісі де басты назарда. Құрылысты бастарда оның жобалық-сметалық құны, сараптамасы, келісімдері, хабарламалары сынды құжаттарын құнттамағандарды жауапкершілікке тартылу көзделген. Есепті кезеңде әлгіндей әрекет бойынша 86 іс қаралып, құрылысты жүргізушілерге 8 миллион 745 мың 341 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен әзірленген іс-шаралар жоспары сапасыз құрылысты болдырмау, алдын алу, шаралар қолдануды құп көреді. Мұндай жағдайда құрылыстың сапасыз жүргізілгенін аңдаған тапсырыс берушілер мен аудан, Тараз қаласының әкімдіктері тиісті материалдарды мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына ұсынады. Есепті кезеңді осындай материал бойынша басқарма мамандары 58 заң бұзушылықты анықтады. Сәйкесінше тиісті заңнамаға атүсті қараған құрылыс компаниялары мен тапсырыс берушілерден 7 миллион 562 мың 875 теңге айыппұл өндірілді.
Жалпы жыл басынан бері құрылысты жүргізу қағидаттарын ескермегендерге 16 миллион 474 мың 866 теңге айыппұл салынған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12 миллион 177 мың 717 теңгені құраған.
Пікір қалдыру