ШҚО-да бизнесті жемқорлықтан қорғау жобасы туралы айтылды

/image/2019/10/21/crop-167_179_576x1024_061310669700.jpg

 

Аймақттық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО бойынша жемқорлықпен күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Жігер Байдильдин бизнес пен инвестицияны жемқорлықтан қорғау жобасы туралы айтып берді.

«Protecting Business and Investments» жобасы 2018 жылы қолға алынды. Бұл Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірлескен жобасы. Еліміздегі барлық өңірде арнайы фронт кеңселер ашылған.

Жігер Байдильдиннің айтуынша, Шығыс Қазақстанда осы жоба аясында «Шығыс – Адалдық алаңы» фронт кеңсесі жұмыс істейді. Аталмыш жобаның мүшелері жемқорлықпен күресу үшін кәсіпкерлердің бизнес жобаларын қорғауға, тиісті құжаттарын жинауға көмек көрсетеді. Мұндағы басты мақсат – жайлы инвестициялық орта құрып, бизнесмендер мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімділікті нығайту. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, осы салада туындаған барлық мәселені жедел шешу. Кәсіпкерлерге қойылатын ең басты талап – жемқорлықтың алдын алу. Фронт кеңсенің қызметіне жүгіну үшін кәсіпкер мен департамент қызметкерлері келісімшартқа отырады. Соған сәйкес агенттік мамандары мемлекеттік қызметтер мен құқықтық-нормативтік қызметтерді дер кезінде алуға көмек береді.

Бүгінде ШҚО бойынша 24 бизнес субъектісі ШҚО бойынша жемқорлықпен күрес департаментімен келісімшартқа отырған. Айта кетейік, фронт кеңсемен келісімге қол қойған кәсіпкерлер осы күнге дейін облыс бюджетіне 145 млрд теңге көлемінде жалпы инвестиция құйған.

Жоба жүзеге асырылғалы бері бизнес саласында оң өзгерістер байқалады.

– Біздің кеңсенің қызметіне "ПРОМОТХОД КАЗАХСТАН" ЖШС-нің директоры жүгінді. Айтуынша, ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қортындысын беруден бас тартыпты. Бұдан соң біздің қызметкерлер тексеру жұмыстарын жүргізіп, екі жақты келісімге келтірді, – деді Жігер Байдильдин.

Айта кетейік, осы жоба аясында 18 кәсіпкер мен инвестордың құқығы қорғалды. Алдағы уақытта осы жұмыстары жалғасын таппақ.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар