Жамбыл облысындағы Т.Рысқұлов ауданын былайғы жұрт: «Спорт саңлақтарының ұстаханасы» дейді. Оның жөні де бар. Ешбір ауданда Олимпиада ойындарына қатысып, бір алтын, екі күміс, бір қола медаль алған спортшылар жоқ шығар. Ал Құлан өңірінің атағын Абсент атты сәйкүлік бүкіл әлемге паш етті. Боксшы Ермахан Ыбырайымов, палуандар Ислам Байрамуков пен Елдос Сметов, Ақжүрек Таңатаров, әлемге аты әйгілі болған Әлішер Ерғали, Әділет Дауламбаев, боксшы қыз Адина Қалдыбай аймақтың ғана емес, мемлекеттің мақтанышымыз. Күні кеше ғана зейнетке шыққан Бекен Әбдірайымов, дүниеден ерте озған, жауырыны жерге тимеген палуандар Қошан Тәнікеев, Серік Нұрманбетов, даңқты волейболшы Таңат Қамбаралиевтерді ел ұмытқан жоқ.
«Ат тұяғын тай басар» демекші бүгінде алдыңғы толқын ағаларының ізін басып, екі бірдей жасөспірімдер спорт мектебінде балаларды спортқа баулып жүрген Ұлан Омарбековтың, ардагер спортшы Есдәулет Құрманбеков, Нұрасыл Молдабеков, Бақытбек Толымбетов, Қанағат Өзбеков, Асхат Тілекеевтің аудан спортына сіңірген еңбегі зор. Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте жаттықтырушы болып жүрген Жүніс Бектемісовтің де шәкірттері биік тұғырдан көрінуде. 10-шы сынып оқушысы Елена Хуголь жеңіл атлетикадан Қазақстан біріншілігіне қатысып, 200 метр қа-шықтыққа жүгіруден үшінші орын алды.
-Ауданда Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, спорттың бұхаралығын арттыру жөнінен көптеген игі шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, Қонаев ауылында «Раушанбектегі» шаруа қожалығының демеушілік етуімен, Көкдөненде ауыл ақ-сақалдарының қолдауымен кіші футбол алаңдары салынуда. Мұндай стадион Каменка ауылында, Қарақатта бар. Ақыртөбеде байырғы спорт ардагері Ә.Қайынбердиев ашқан спорт мектебі жұмыс істейді. Қазір ауданымызда футбол клубы құрылып, аяқдоптан ауданның намысын қорғайтын жастарымыз облыс біріншілігіне қатысуда. Енді алдағы уақытта қазақтың ұлттық ат спорты ойындарын дамыту біздің басты назарымызда тұр. Өйткені, біз Абсент сынды сәйгүлігіміздің атын жоқтатпауымыз керк деп ойлаймын. Сондықтан көпаршылар мен атбегілер, саятшылар, құсбегілер клубтарын құрып, оны жандандырғанымыз жөн,-дейді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Шәбеев.
Пікір қалдыру