Мәжілістегі жалпы отырыста бірнеше заң жобасы қаралды. Аталмыш заң жобасының ішінде "2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" да бар, – деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, үш жылдық бюджетте білім саласына қыруар қаржыны бөлу қарастырылған. Ең бастысы, бұл мәселеде ұстаздардың жалақысын көтеру ескерілген.
"Келесі жылы 25 процентке, одан кейін 50 процентке, ары қарай 70 процентке, ең соңында 100 процентке көтеру тапсырмасы бар. Осы тапсырма бойынша тиісті қаржы қарастырылды. Ол – бір. Екіншіден, апатты жағдайда және үш ауысымда жұмыс істейтін мектептерді жою бойынша қаражат бөлініп жатыр. Бұдан бөлек, колледждерді жабдықтау, жас мамандарды қолдау және басқа да бағдарламалар бойынша ірі көлемде қаржы беріліп отыр", – деп журналистерге Аймағамбетов сұхбат берді.
Министрдің сөзіне қарасақ, үш жылдық бюджетте ұстаздардың жалақысын көтеру шараларына 1,7 триллион теңге қарастырылған. Елімізде бүгінге дейін білім саласындағы ұстаздарға мұндай қаржы бөлмеген еді.
"Ендігі мақсатымыз – ол ақшаны әрбір педагогқа жеткізу және білім беру сапасын көтеру. 500 мыңнан астам педагогқа сан алуан қосымша ақылар беріледі. Сосын ғылым саласын қаржыландыру көлемі екі есеге артып отыр", – деп атап көрсетті А.Аймағамбетов.
Бұдан бөлек, үш жылдық бюджетте мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жалақысын көтеру, тұрғын үй қорын жаңғырту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, білім саласын жан басына қарай қаржыландыру, ауылды сапалы ауыз сумен қамту, газдандыру, жергілікті жолдарды дамыту, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту, жастар мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту және тағы басқа маңызды шаралар қарастырылған.
Пікір қалдыру