Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, инфляция деңгейін 2020-2021 жылдары – 4-6 пайыз, 2022 жылдан бастап 3-5 пайыз дәлізінде сақтау көзделіп отыр, – деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Инфляция бойынша 2020-2021 жылдарға арналған мақсат 4-6 пайыздық, 2022 жылдан бастап 3-5 пайыздық дәлізде белгіленді. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ақша-несие саясатының негізгі құралы болып қалады. Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін елдегі қалыптасқан және күтілетін инфляцияның мөлшеріне қатысты, сондай-ақ сыртқы факторларды ескере отырып белгілейді. Бұл ретте оның деңгейі нақты көрсетуде 3-3,5 пайыздық деңгейде сақталады", – деді М.Әбілқасымова Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитеті отырысындағы "2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасының таныстырылымында.
"Ұлттық банктің бағалауынша, инфляция осы жылдың қорытындысы бойынша 5,7-5,8 пайыздық деңгейде қалыптасады. 2020 жылы 4-6 пайыздық нысаналы дәліз ішінде сақтала отырып, инфляция біршама төмендейді деп күтіледі", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Пікір қалдыру