Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйде көлік жүргізгендер үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында жазды.
"Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез-келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұндай жағдайда төмендегідей жаза қарастырылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-ші бабына сәйкес, алкогольді ішімдік ішіп, есірткі қолданған соң көлік тізгініне отырғаны үшін ең жеңіл жаза - үш жылға көлік басқару құқығынан айыру.
Егер жүргізуші салдарынан жол апаты болса, бұл құқықтан төрт жылға айырылады. Адам денсаулығы мен өзге көліктерге зақым келтірсе, бұл жазаны бес жылға ұзарту қарастырылған.
Құқық бұзушылық қайталанса, мерзім ұзартылады. Бұдан бөлек, жүргізуші 15-тен 30 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Пікір қалдыру